Алматы полициясы көлік жүргізушілеріне үндеу жасады
Жарияланған күні:

Полиция өкілдері алматылық көлік жүргізушілеріне қысқы дөңгелектерді уақытында ауыстыруды ескертеді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ ІІМ-нің ақпараттық медиа-порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, көлік құралдарының техникалық регламенттерге, стандарттарға және пайдалану ережелеріне сәйкестігін бақылайтын жауапты уәкілетті орган Алматы қаласында әкімшілік полициясы үндеу жасады.
"Алдағы күндері ауа райының нашарлап, жаңбыр мен қар жаууы, сондай-ақ ауа температурасының төмендеуі күтіледі. Осыған байланысты жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтау мақсатында көлік жүргізушілері мен автокөлік иелеріне дөңгелектерін қысқы кезеңге ауыстыруды алдын ала жоспарлауды ұсынамыз", - деді полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Асхат Құлбаев.
Оның айтуынша, "Дөңгелекті көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы" Кеден одағының техникалық регламентінің (ТР КО 018/2011) талаптарына сәйкес, жазғы маусымда (маусым, шілде, тамыз) сырғанауға қарсы тікенектері бар шиналарды пайдалануға тыйым салынса, қысқы кезеңде (желтоқсан, қаңтар, ақпан) қысқы шиналарсыз көлік құралдарын басқару заңмен шектеледі.
"Бұл ретте қысқы шиналар көліктің барлық дөңгелегіне орнатылуға тиіс. 1 желтоқсаннан кейін осы талаптарды орындамаған жағдайда, Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 590-бабының 5-бөлігіне сәйкес, көлік иелеріне 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады", - деді Асхат Құлбаев.
Полиция департаменті өкілдері жол қауіпсіздігі мәселесіне ерекше көңіл бөлуді сұрайды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2175620-almaty-politsiiasy-kolik-zhurgizushilerine-undeu-zhasady/