Атырауда 10 айдан бері суға жарымаған көпқабатты үйдің тұрғындары жанайқайын айтты
Жарияланған күні:

Атырау қаласындағы "Нью Сити" тұрғын үй кешенінің тұрғындары 10 айдан бері судың зардабын тартып келеді. Ашынған жұрт жиналып, биліктен су мәселесін тез арада шешіп беруді талап етті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Нұрсая ықшамауданында орналасқан 9 қабатты үйдің тұрғыны Зарина Сариеваның айтуынша, үй тұрғындары екі күннің бірінде тіршілік нәрінен мүлдем ажырап қалатын көрінеді. Ол су мәселесі 10 айдан бері оң шешімін таппай келеді дейді.
"Суық су да, ыстық су да бір уақытты тоқтап қалады. Әсіресе кешкілік уақытта, жұмыстан келгенде сусыз қаламыз. Үйдің жанындағы балаларымыз баратын балабақшада да үнемі су тоқтап қалады. Түсқайта баланы кері алып кетуге тура келеді. Міне, 10 ай болды, бұл мәселенің шешілетін түрі жоқ. Әкімдікке тұрғындар атынан арызды да жаздық, бірақ шешімін таппай келеді", - дейді тұрғын.
Олардың айтуынша, 2021 жылы берілген үйдің су сорғы станциясы істен шыққан. Бұл жердегі үш құрылғының біреуі жарамсыз қалған. Істеп тұрған жалғыз сорғы қатты қысымға төтеп бере алмай, жарылып кете береді екен. Сол себепті халық түгел тіршілік нәрінен ажырап қалады.
Атырау қаласы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, "Нью Сити" тұрғын үй кешенінің су желісін жүргізген мердігер мекемемен қазіргі таңда келісімшарт бұзылған. Ал кепілдік мерзімі қарастырылмаған.
"Аталмыш тұрғын үй кешенінің су көтергіш үш насосының екеуі жаз мезгілінде жерасты суы көтеріліп, істен шықты. Жақын арада істен шыққан екі сусорғы қалпына келтіріліп, монтаждалған уақытта гидро соққы болып, насостар тағы суға батты. Қазіргі таңда насостық камераның ішіндегі су сорылып, сорғыларға диагностика жасалады деп жоспарланып отыр", - деп жауап бердің әкімдік өкілі.
"Нью Сити" тұрғын үй кешенінде 500-дей пәтер, 5000-ның үстінде халық тұрады. Бес литрлік бөтелкемен қаладан су іздеуден шаршаған тұрғындар су мәселесін тезірек шешіп беруді сұрады.
Автор: Әйгерім Сайқын
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2176059-atyrauda-10-aidan-beri-suga-zharymagan-kopqabatty-uiding-turgyndary-zhanaiqaiyn-aitty/