"Ақша берсең, кезексіз өтесің": Түркістан облысында шекарада кептелісте тұрған жүргізушілер жанайқайын айтты
Жарияланған күні:
Түркістан облысы Келес ауданы Ескіқорған ауылындағы "Бауыржан Қонысбаев" кеден бекетіндегі кептеліс 15 шақырымға жетті. Ал ондағы жүк көлігі жүркізушілерінің кезекте тұрғанына үш күн. KAZ.NUR.KZ тілшісі Ресей, Қытай асып келе жатқан тауар тасымалдаушылардың жанайқайын жазып алды.
Тауар тасымалдаушылардың ұйықтамағанына үш күн болған. Олар Қазақстандағы кедендік тәртіпке көңілі толмайтынын айтты.
"Ресейден келе жатырмын. Ұйықтамағаныма үш күн болды. Не дәретхана жоқ, не жуынатын жер жоқ. Көлік жүргізушілеріне ешқандай жағдай жасалмаған. Ашуланып-ашуланып болдық. Көз ілмей отыруың керек. Әйтпесе кезегіңді жіберіп алуың мүмкін. Есесіне жолдың екінші бетінен басқа біреулер кезексіз кетіп жатыр. Ақша берсең сол. Менен елу мың теңге сұрады. Оны айдаладағы біреуге бергенімше бала-шағама апарғаным дұрыс. Сол себепті үш күннен бері кептелісте тұрмын", - дейді жүргізуші Тахир Дусматов.
Тахир сияқты ұзын-сонар кептелісте тұрған жүргізушілер жетерлік. Ұзындығы көрші ауылға жеткен кезекте тұрғандардың бірі полицияға да хабарласқанын айтады. Алайда одан көмек болмады дейді. Жүргізушілер бір тәулікте кезексіз мың көлік шекара асқанын айтып, ашынып отыр.
"Біз үш күннен бері кезек күтіп отырғанда, өзгелері еш кедергісіз шекара асып жатыр. Ақша берсең солай. Маған да келіп, 70 мың теңге сұрады. Беретін ақшам болмағасын тұрмын. Ал сұрағанын берсең, ең соңында тұрсаң да алып кетіп, басына апарады. Біз өте ұзақ жол жүреміз. Ұйықтамағаныма бірнеше тәулік өтті. Шекарадан өткен соң де біршама жол бар. Шаршағаннан рөлге ие болмай апатқа түсуіміз де ғажап емес. Ол кезде кімді кінәлаймыз", - дейді жүргізушілердің бірі.
500-ге жуық жүк көлігінің тізіліп тұрғанына ауыл тұрғындары да үйренгенбіз дейді. Кесірінен жолдың бір беті түгелдей бос емес. Қос жақтың көліктері екінші жолақта қабаттасып жүруге мәжбүр. Мәселеден хабардармыз деген департамент басшылары болса бәрі де жуық арада шешіледі деп жауап қатты.
"Бауыржан Қонысбаев" кеден бекетінде көлік құралын өткізу ұлғайды. Сонымен қатар көрші Өзбекстан Республикасының тауарларының өсуіне сонымен қатар тауарларының айналымына байланысты көлік құралдары көбейіп жатыр. Қазіргі таңда Бауыржан Қонысбаев кеден бекетінің қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс жасап жатыр", - дейді Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Кедендік әкімшілендіру басқармасы басшысы Серік Мәліков.
Аймақ тұрғындары болса кептеліс Келес ауданындағы кеден бекетінде ғана емес, Сарыағаштағы шекарада да ұзарып кеткенін айтады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Мемлекеттік кірістер комитеті өкілдері Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында неліктен көлік кептелісі болып жатқанын түсіндірді. Көлік кептелісінің туындауына электр жүйесінің ақаулары себеп болған.
Автор: Назерке Еркінбекқызы
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2176463-aqsha-berseng-kezeksiz-otesing-turkistan-oblysynda-shekarada-kepteliste-turgan-zhuk-koligi-zhurgizushileri-zhanaiqaiyn-aitty/