"Атырау – Астрахан" тасжолын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр
Жарияланған күні:

"Атырау – Астрахан" тасжолын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Бұл туралы атыраулық журналистер үшін өткен "Сапа керуені" баспасөз турында "Жол активтері сапасының ұлттық орталығы" РМК бас директоры Болатбек Айтбаев мәлімдеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"Атырау – Астрахан тасжолы жоспар бойынша толықтай жыл аяғына дейін аяқталады. Қазіргі уақытта жолдың сапасы барлық стандарттарға сай келеді. Әрине, жолдың салынып, құрылысы аяқталып, толық қолданысқа берілгені жақсы. Бірақ, жолды пайдалану, оны күтіп-ұстау да үлкен әрі негізгі мәселе".

Әдетте, жолдың нашарлауына ауыр жүк көліктері кері әсер етіп жатады. Бекітілген нормадан асатын салмақта жүк тасымалдап, жаз мезгілдерінде қатты ыстықта онсыз да еріп тұрған асфальтті езіп жібереді. Осындай факторлар шұқырлардың пайда болып, жолдардың тез тозуына әкеледі. Сондықтан, "Атырау – Астрахан" жолы толық пайдалануға берілгеннен кейін, жолдың кей бөлігін ақылы ету жоспарланып отыр. Ең бастысы, республикалық маңызы бар осы жолдың бойына алға қарай автоматтандырылған өлшегіш арнайы құрал орнатылады. Егер, жүк көлігі салмақты асырған болса, ол құралдар автоматты түрде анықтап, айыппұл жүргізушіге жіберіліп отырады. Мұндай құралдар еліміздің біраз өңірлерінде бар. Сосын ол құралдар жолды пайдалану ережесінің сақталуына өз нәтижесін беріп жатыр. Арнайы құралдар осылайша, күрделі жөндеуден кейін жолдың сақталуына оң әсер етеді деп сенеміз", - дейді "Жол активтері сапасының ұлттық орталығы" РМК бас директоры Болатбек Айтбаев.
Спикердің айтуынша, жалпы ұзындығы 277 шақырым болатын жол құрылысы басталғалы бері 500-ге жуық инспекциялық тексерістер жүргізілген. Оның ішінде, 2000-ға жуық арнайы сынамалар алынған.

"Кей учаскелерде тоғыз пайызға дейін құрылыс материалдарында сәйкессіздіктер анықталды. Мердігер компаниялар ақауларды дер кезінде жойып, қалпына келтіріп отырды. Қазіргі уақытта автожол сапасы талапқа сай келеді",-деді "Жол активтері сапасының ұлттық орталығы" РМК бас директоры Болатбек Айтбаев.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2176809-atyrau-astrahan-taszholyn-zhyl-songyna-deiin-aiaqtau-zhosparlanyp-otyr/