Алматы орталығында кафеге жапсарлас салынған заңсыз нысан сүрілді (фото)
Жарияланған күні:
Алматыда Абай даңғылының бойында кафеге жапсарлас салынған нысан бұзылды. Бұл туралы қала әкімдігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Ведомствоның Telegram-дағы ресми арнасында жарияланған ақпаратқа сүйенсек, Абай даңғылы, 34 мекенжайында қосымша күрделі нысан заңсыз тұрғызылған. Алматы қала құрылысы басқармасы меншік иесіне (жеке тұлғаға) қатысты әкімшілік шаралар қабылдап, материалдарды сотқа жолдаған.
Әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың қаулысымен меншік иесі ҚР ӘҚБтК 319-бабы бойынша кінәлі деп танылып, заңсыз тұрғызылған құрылысты бұзуға мәжбүр болды.
Әкімдік өкілдері нысанды меншік иесі 20 қазанда ерікті түрде бұзғанын атап өтті.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыда ірі бизнес-орталықтың заңсыз тұрғызылған жоғарғы қабаты сүрілгенін жазған едік.
Жалпы жыл басынан бері қалада 48 заңсыз нысан сүрілген.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2177010-almaty-ortalygynda-kafege-zhapsarlas-salyngan-zangsyz-nysan-surildi-foto/