"Босану үшін 50 мың теңге бердім": Түркістан облысының тұрғыны перзентханадан шыққан соң жүре алмай қалғанын айтты
Жарияланған күні:
Түркістан облысының тұрғыны Рабиға Дәулетова екі айдан бері жүріп-тұрудан қалған. 29 жастағы келіншек 9 қыркүйекте төртінші баласын Жетісай аудандық перзентханасында босанған. Әйелдің сөзінше, ақ халаттылар сәбиін дүниеге әкелер алдында қарсылығына қарамай ине салған. Алайда аудандық аурухана дәрігерлері әйелдің анестезия, седацияға өзі келіскенін айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Мақтарал ауданы Өркен ауылында тұратын келіншек портал тілшісіне соңғы бір жарым айда қандай күйге түскенін айтып берді.
"2023 жылы да босанғанмын. Сол кезде дәрігер белімнен ине салды. Кейін аяғым жансызданып, жүре алмай қалған едім. Тіпті кіші дәретімнің шыққанын да байқамайтын дәрежеге жеткем. Араға 24 сағат салып, аяғымды сездім. Кейін жүріп кеттім. Екі ай бұрын төртінші перзентімді босануға барғанда көрген қиындығым қайталанбасыншы деп дәрігерлерге ескерттім. Бірақ олар мені тыңдаған жоқ. Заңды алға тартып, инені салып жіберді. Содан бері өздігімнен жүріп-тұрудан қалдым", - дейді келіншек.
Әйел аяғын сезбеген күйде жүруге талпынып тобығын үш жерінен шығарып алғанын айтады. Содан бері төсекке таңылған Рабиға қазір жеке емханаларға барып, емделуге мәжбүр. Шығынға баттым деген ауыл тұрғыны мәселені айтып босандырған дәрігерлерге де хабарласқанын айтады. Алайда кеңес сұраған келіншек керісінше ұрыс естідім деп жыларман.
"Дәрігерлер қандай да сұрақ мазаласа, хабарласыңыз деп айтқан еді. Соны ескеріп, телефон шалдым. Тұтқаның арғы жағынан маманнан "бәлеңді жаппа" деген сөзді естідім. Бұл қалай болғаны? Ауру деген әуелі жылы сөзбен емделмеуші ме еді? Біздің дәрігерлер керісінше ауруға ауру қосып беруге дайын", - дейді Рабиға.
Төсекке таңылған әйел облыстың денсаулық сақтау басқармасынан бастап, денсаулық сақтау министрлігіне дейін хабарласқан. Алайда жазылған арыздан кейін өзім қоқан-лоққыға ұшырадым дейді.
"Арыз жазған соң ауданнан дәрігерлер келді. Алғашында жағдайымды сұраған олар кейін арызды қайтарып алмасаң өзіңе қиын болады деді. Бұл соңғы босануым еместігін және алдарына тағы да баратынымды айтып қорқытты", - дейді Рабиға Дәулетова.
Келіншек босанар алдында дәрігерлерге ақша бергенін де мәлімдеді. Сөзінше Жетісай ауданында отамен бала босану үшін ең кемі 50 мың теңге беру керек.
"Босанайын деп жатқанда басқа әйелдің дәрігерлерге 70 мың теңге бергенін естідік. Содан кейін бізден де сұрады. Сөйтіп 50 мың теңге бердім. Мені қорқытқан дәрігерлер сол ақшаны қайтарып беретіндерін айтты. Маған ол ақшаның түкке қажеті жоқ. Өйткені 50 мың теңгені алып жүріп кетпеймін ғой", - дейді Рабиға.
Төрт баланың анасы аяқтан қашан тұратынын да болжай алмай отыр. Өйткені өзі сияқты белінен ине алып, жүре алмай емделіп жүрген тағдырлас әйелдердің төсек тартып жатқанына бір жылдан асқан екен. Бұған қатысты жетісайлық дәрігерлер науқастардан ешқандай сыйлық не сүйінші алған емеспіз дейді.
"Ондай 50 мың теңге алу деген факт жоқ. Естімегем. Біздің кінәміз бар ма, жоқ па оны әлі зерттеп алу керек. Ол әйел не қылам десе, тексерілейік. Қанша тексерулер бар", - дейді Жетісай аудандық аурухананың бас дәрігер орынбасары Ләйлә Мамыраимова.
Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, Рабиға Дәулетова анестезия, седация жүргізуге қарсылық білдірмей, құжатқа қол қойған. Сондай-ақ әйел үйіне өз аяғымен жүріп кеткені айтылады.
Автор: Назерке Еркінбекқызы
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2178536-bosanu-ushin-50-myng-tengge-berdim-turkistan-oblysynyng-turgyny-perzenthanadan-shyqqan-song-zhure-almai-qalganyn-aitty/