Талғардағы Шерзат Болаттың өлімі: министр қылмыстық іс қай баптар бойынша тергеліп жатқанын айтты
Жарияланған күні:
Талғардағы Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс Қылмыстық кодексте қарастырылған бес бап бойынша тергеліп жатыр. Бұл туралы ішкі істер министрі Ерлан Сәденовтің мәжіліс депутаттарына жолдаған жауабында айтылған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"Талғар қаласында болған Шерзат Болаттың өліміне қатысты Алматы облысының полиция департаментінде Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігі (адам өлтіру), 293-бабының 3-бөлігі (бұзақылық), 115-бабы (қорқыту), 432-бабы (қылмысты жасырып қалу) және 434-бабымен (қылмыс туралы хабарламау) қылмыстық істер тіркеліп, тергеліп жатыр.
Тергеу барысы менің жеке бақылауымда, оқиға орнында министрліктің орталық аппаратының қызметкерлеріде жұмыс істеп жатыр", - делінген министр жауабында.
Сондай-ақ ол қасақана кісі өлтіруге қатысты күдікпен 8 адам және қылмыс туралы хабарламау бойынша 3 адам соттың санкциясымен қамауда отырғанын атап өткен.
Сәденов тергеу жүріп жатқанын, тергеу барысында оқиға болған жерде болған басқа да адамдардың қылмысқа қатысы бар-жоғы тексеріліп, олардың әрекеттеріне құқықтық баға берілетінін айтқан.
"Жалпы қазір еліміздегі криминогендік ахуал тұрақты, ішкі істер органдары мемлекет басшысының еліміздегі құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысты тапсырмаларын орындау аясында мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, кешенді шаралар атқарып жатыр", - делінген министрдің депутаттар сауалына берген жауабында.
Талғардағы Шерзат Болат қазасы
Еске салсақ, 4 қазанға қараған түні Талғар қаласында ер адамдар арасында жанжал шығып, соңы төбелеске ұласқанын жазған едік. Жанжал салдарынан екі жігіт аудандық ауруханаға жеткізілген, олардың бірі алған жарақатынан жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Кейін марқұм болған 16 жастағы Шерзат Болат есімді бозбала екені хабарланды.
Полиция кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.
Артынша Алматы облысының полиция департаменті өкілдері кісі өлтірді деген күдікпен ұсталғандардың видеосын жариялады.
Талғардағы кісі өлімімен аяқталған оқиғадан кейін марқұмның әкесі соттың ашық әрі әділ өтуін талап етіп мәлімдеме жасады.
Қанды оқиға болған дүкеннің алдында марқұм Шерзат Болатты еске алу бұрышы ашылды. KAZ.NUR.KZ тілшісі Талғарға барып, тұрғындармен тілдесіп қайтты.
10 қазанда марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымов істің мән-жайын айтып тағы бір үндеу жасап, халықтан митингке шықпауын өтінді. Сондай-ақ ол отбасының қауіпсіздігіне алаңдаулы екенін жеткізді. Айтуынша, заңгерлер мен журналистердің атын жамылып, белгісіз біреулер келіп қорқытқан. Шерзаттың әкесі жағдай өзіне және жақындарына кері әсер етіп кетпес үшін, жұртшылықтан митингке шығып, қантөгіс жасамауын өтінді.
12 қазанда құқыққорғаушы Саида Тәукелева желідегі жеке парақшасында марқұм Шерзат Болаттың отбасына тиесілі үй өртеніп кеткенін жазып, видео жариялады.
Артынша полиция департаменті өкілдері мүлікті қасақана жою дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатқанын хабарлады.
Кейін бас прокуратура өкілдері мәлімдеме жасап, жәбірленушілердің үйін өртеу фактісі бойынша ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғанын және қылмыстық iс бас прокурордың бақылауына алынғанын хабарлады.
Бұған дейін Талғар қаласының әкімі Бахыт Күрішбеков пен әкімнің орынбасары Матан Сағындық қызметінен босатылғаны хабарланған еді.
Айта кетейік, Талғардағы атышулы оқиға Шерзат Болаттың өлімінен кейін Талғар ауданында тағы бірнеше шенеунік жазаланғанын жазған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2179479-talgardagy-sherzat-bolattyng-olimi-ministr-qylmystyq-is-qai-baptar-boiynsha-tergelip-zhatqanyn-aitty/