Қазақстандағы "инватакси" қызмет сапасының артуына не себеп
Жарияланған күні:
Қазақстанда қанша "инватакси" жұмыс істейді және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің пилоттық жобасының көрсеткен нәтижелері туралы NUR.KZ материалынан оқыңыздар.
"Инватакси" қызметі мүгедек арбасымен ғана қозғала алатын және жеке көмекші қызметімен қамтуға мұқтаж, жүріп-тұруы қиын мүгедектігі бар адамдарды қолдаудың қосымша шарасы ретінде енгізілді.
"Инватакси" мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға сәйкес мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы әкімдіктермен көрсетіледі. Бүгінде автомобиль көлігімен мүгедектерді тасымалдау жөнінде қызметтер көрсету ережесімен инватакси қызметі реттеледі.
Айта кету керек, "Инватакси" қызметі Қазақстанның барлық облыстарында жергілікті бюджет есебінен жұмыс істейді. Қазір республика бойынша 147 "Инватакси" қызметі көрсетіліп, 25 мыңға жуық адам аталған қызметті пайдаланған.
Сонымен қатар, инватакси қызметінің сапасы мен көрсету жылдамдығын арттыру мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қызметті көрсетуге қатысуға тиісті сұраныс алған такси агрегаторларын тарту бойынша пилоттық жобаға бастама жасалды. "Яндекс" компаниясы пилоттық жобаға қатысуға ниет білдірген жалғыз ұйым.
Аталған пилоттық жобаны іске асыру аясында 2023 жылы Астана мен Алматыда бұл қызмет түрі жанданды. Ағымдағы жылдың өткен кезеңінде Астанада "Яндекс такси" арқылы 90 мыңнан астам, ал Алматыда 45 мыңнан астам мүгедектігі бар адамдар "инватакси" қызметін пайдаланды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, аталмыш жоба жақсы нәтиже көрсетуде. Атап айтқанда, инватаксиге деген сұраныстың орындалуы 100% қамтамасыз етілген. Қызмет алушылардың оң пікірлері такси сапасының айтарлықтай жақсарғанын дәлелдейді. Жолаушылар атап өткен басты артықшылықтың бірі – такси қызметі кез-келген уақытта қол жетімді.
Жобаның ерекшелігі қызметті алушы үшін көлікті тезірек таңдау, онлайн режимінде тапсырыс мәртебесін қадағалау және сапарларды бақылаудың қарапайым жүйесінің болуы. Сондай-ақ көлік ең қысқа мерзімде (5-10 минут) жеткізіледі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, қызмет алушы әлеуметтік қызметтер порталы арқылы инватакси компаниясын өз бетінше таңдауға мүмкіндік беру мақсатында қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу мәселесі пилоттық жоба нәтижесі бойынша талданатын болады.
Одан бөлек, болашақта салауатты бәсекелестікті қалыптастыру үшін әлеуметтік қызметтер порталына басқа да такси агрегаторлары енгізілмекші.
Министрлік әлеуметтік қызметтер порталына балама ретінде мемлекеттік сатып алу процессін қолданыстағы заңнамада қалдыру қажеттілігін ұсынғанын атап өтті. Бұның басты себебі – шалғай елді мекендер мен ауылдарда такси агрегаторының қолданыстағы қызметтерін қолдану мүмкіндігінің шектеулілігі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2180037-qazaqstandagy-invataksi-qyzmet-sapasynyng-artuyna-ne-sebep/