Докторантура гранттарының саны өседі
Жарияланған күні:

Бүгін мәжілістің жалпы отырысында ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек докторантура гранттары көбейетінін айтты. Министрдің сөзінше, алдағы уақытта грант саны 5000-ға жетпек. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Мәжілістің жалпы отырысында депутат Жұлдыз Сүлейменова Қазақстанда магистратура мен докторантураға қатысты бірнеше мәселе туындап отырғанын тілге тиек етті. Депутаттың сөзінше, біріншіден, жыл сайын бұл гранттар игерілмейді, себебі үміткер жоқ дейді депутат.
"Екіншіден, игеру үшін Ғылым және жоғары білім министрлігі негізгі шекті мәнді төмендетіп, жалпы талаптарды жеңілдетіп отыр. Мәселен 2025 жылы бейінді докторантурада ағылшын тіліне қойылатын талаптар алып тасталып отыр. Біз гранттың саны емес, экономикадағы, еңбек нарығындағы білікті кадрларға байланысты мәселені қайта-қайта көтеріп жатырмыз.
Оның ішінде жалпы академиялық көрсеткіштері жоғары, білікті зерттеушілік қабілеттері бар азаматтардың келгенін қалаймыз. Министрлік жалпы механизмдерді қайта қарау керек деп санаймыз. Оның ішінде гранттардың сапасын көтеруге, грант құнын көтеруге қатысты қандай шара қабылдайсыздар, екіншіден, осы доктарантурада талаптарды жеңілдетуге байланысты қандай да бір тәуекелдерге талдау жасалды ма?", - деп сұрады депутат Жұлдыз Сүлейменова.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек депутаттың докторантура мен магистратураға қатысты сауалында айтылған кейбір мәселелерге түсінік берді. Министрдің айтуынша, гранттардың саны магистратурада соңғы үш жылда өзгерген жоқ, 13 мың грант болып қалған. Ал магистратураға үміткер жоқ деген тұжырым шындыққа жанаспайды.
"Байқау жақсы, соңғы үш жылда магистратураға 40 мыңға жуық үміткер тапсырып жүр. Докторантураға келсек, мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша докторантура гранттарының саны өседі. Биыл 1000 грант қостық, жалпы грант санын 5000-ға жеткіземіз", - деді Саясат Нұрбек.
Министр сондай-ақ бейіндік докторантураға байланысты енгізілген өзгерістерді атап өтті.
"Президенттің тапсырмасы бойынша өндірістік докторантураны енгізіп жатырмыз. Талаптарын сәл өзгерттік, осы жылдан бастап пилоттық режимде біз өндірістік-индустриалды PHD бағдарламасын енгіздік. Шет тілге талаптар жойылған жоқ, сәл өзгерді. Тілдік сертификаттарға қатысты – енді тек IELTS, TOEFl емес, Duolingo сияқты басқа да сертификаттарды қабылдайтын болдық", - деді министр.
Оның айтуынша, өндірістік PhD өте жақсы қабылданып отыр.
"Сегіз ірі кәсіпорын бізге тапсырыс берді. Докторантура грантының құны да ұлғайтылады. 2025-2027 жылдар аралығында оның құны 75 пайызға ұлғаяды. Мысалы былтыр магистратура грантының құны 16 пайызға, докторантура грантының құны 17 пайызға өсті. 1,9 млн теңгеден бастадық, жалпы құны 3,325 млн теңгеге дейін өседі", - дейді Саясат Нұрбек.
Айтуынша, келесі жылдан бастап Болашақ бағдарламасына Split PhD бағдарламасы енгізіледі. Сондықтан министрліктің доктарантура мен магистратура сапасы көтеріледі деген үміті бар.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2180577-doktorantura-granttarynyng-sany-osedi/