Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жамбыл облысында әкімдер жол жөндеу жұмыстары аяқталмаса да, мердігерлерге қомақты қаржы аударған

Жарияланған күні:

жол жөндеу жұмысы
Жол жөндеу жұмысы. Көрнекі фото: pixabay.com

Жамбыл облысындағы аудандардың бірінде жол жөндеу жұмыстары толық аяқталмаса да, әкімдер мердігерлерге қомақты қаржы аударған. Бұл туралы 24.KZ Антикорға сілтеме жасап хабарлайды.

Телеарна ақпаратынша, Меркі ауданындағы кейбір ауыл әкімдері аяқталмаған жол жөндеу жұмыстарына мердігерлерге 305 миллион теңге аударған. Бұл үшін олар қызметтік талаптарды толық орындамағаны туралы ескерту түріндегі тәртіптік жаза тағайындалды.

Меркі ауданы Ақарал ауылы тұрғыны асфальт төселіп жатқанын видеоға түсіріп алған. Тұрғын жол құрылысы кезінде техникалық талаптар сақталмағанын алға тартады. Алғашында тар жол төсеген мердігер тұрғындардың түсініктемелерінен кейін оны кеңейтпек болғанымен, арнайы техника жетіспеген.

Меркі аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі жұмыстар жоспарға сай жүріп жатқанын, кемшіліктер анықталса, қателіктер бойынша жұмыс істейтініне сендірді.

"Жұмыс сапалы орындалды деп айта алмаймыз. Белгілі бір кемшіліктер бар. Ауыл әкімімен сөйлестім, ол мердігерлер барлық техниканы дайындап қойғанын айтты. Олар асфальт төсегіш таба алмай жатыр. Тапқан бойда бірер күнде барлық кемшілікті түзетеміз деп уәде береді", - дейді Меркі аудандық әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ербол Ақек.

Ақарал ауылындағы жолдарды асфальттау жұмыстары әлі аяқталмағанымен, мердігер компания төлемін алып қойған. Ақермен, Сарымолдаев ауылдарының әкімдері де аяқталмаған жұмыстар үшін мердігер компанияларға қаржы аударған. Осы үш елдімекенде 20 көшені жөндеу жоспарланған болатын.

"Ауылішілік жолдарды асфальттау жұмыстарының мерзімі әлі аяқталмағандықтан, барлық сыбайлас жемқорлық тәуекелін жедел анықтап, кемшіліктерді жою бойынша арнайы ұсыныстар жолдадық. Барлық жол осы күйінде қолданысқа берілсе, ауыл әкімдері қылмыстық жауапкершілікке тартылар еді", - Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департамент басшысы Қайрат Бәйгебаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2185520-zhambyl-oblysynda-auyl-akimderi-aiaqtalmagan-zhol-zhondeu-zhumystary-ushin-merdigerlerge-qomaqty-qarzhy-audargan/