"Қазақшасы сондай әдемі екен": қазақ әскерінде борышын өтеп жүрген араб жігіті кім (видео)
Жарияланған күні:
Өскеменде Қасым Қайсенов атындағы әскери бөлімде араб жігіті Абдалла Салих Сами Эль-Том әскери борышын өтеп жүр. Желіде оның әскерде қызмет етіп жүргені түсірілген видео тарады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Абдалла Салих Сами Эль-Томның видеосы Instagram-дағы "Шығыс ақпарат" парақшасында жарияланды. Видеода ол Өскемендегі Қасым Қайсенов атындағы №27943 әскери бөлімінде қызмет етіп жүргенін айтады.
"Мен – Қазақстан азаматымын. Балалық шағымды Судан мен Сауд Арабиясында өткіздім. 2-сыныпқа дейін сонда тұрып, кейін Қазақстанға көшіп келдім. Содан бері Қазақстанда тұрып келем", - дейді ол видеода.
Желі қолданушыларын кейіпкердің қазақ тілінде еркін әрі сауатты сөйлегені тәнті етті.
"Не деген сауатты жігіт", "Қазақша таза сөйлегенің үшін рақмет, үлгі болар жігіт", "Қазақ тілінде емін-еркін сөйлеп тұр", "Қазақша сөйлеп тұрғанына риза болып тұрмын", "Түрі — араб, жүрегі —қазақ, қазақшасы сондай әдемі екен", - деп жазды желі қолданушылары.
Massaget.kz тілшісіне берген сұқбатында Абдалла Салих әскерде қызмет етуге әжесі септігін тигізгенін айтты. Абдалла Салихтің айтуынша, анасы – қазақ, әкесі – араб.
"Әскерге келмей тұрып әжеммен әскер жайлы көп әңгімелесетінбіз. Сол кездері әскер туралы көзқарасым мен ойым көпшілікпен бірдей еді: 90-жылдар, әлімжеттік көрсету, өлім мен ұрып-соғу. Әжеммен әңгімеден кейін әскерге барамын деп шешім қабылдадым. Неге десеңіз, мұнда тәртіп мықты, өзіңді қадағалауың, тәрбиелеуің және физикалық шынығуың керек", - дейді ол.
Басылымға берген сұқбатында Абдалла Салих қазақ тілін қашан және қалай меңгергенін айтып берді.
"Қазақ тілін Қазақстанға көшіп келген кезде мектепке түсу үшін үйрендім. Алғашында тіл айырмашылығы мен сөйлеу жағынан қиындықтар болды, әрине. Бірақ жалпы алғанда екі тіл бір-біріне ұқсас болған соң, аз уақытта үйреніп, сөйлеп кеттім", - дейді ол.
Кейіпкер әскерден кейін әкесінің туыстарына Сауд Арабиясына барып келу жоспарда барын айтты.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2186130-qazaqshasy-sondai-ademi-eken-qazaq-askerinde-boryshyn-otep-zhurgen-arab-zhigiti-kim-video/