Зертхана мамандары шетелдік өндірушілердің азық-түлік өнімдерінен не тапты
Жарияланған күні:
Ерекше дәмі бар азиялық асхананың танымал болуы Қазақстанның азық-түлік нарығына оның алуан түрлілігін әкелді. Дүкен сөрелерінде тек соя тұздықтарының ондаған түрі болуы мүмкін. Алайда олардың кейбіреулерінде құрамы туралы ақпарат жетіспейді.
Бұл жолы "Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы" қоғамдық бірлестігі мамандарының назарын Ақтөбе қаласындағы сауда орындарының бірінен сатылып алынған қытайлық өндірушінің "Терияки" соя тұздығы аударды. Көлемі 350 грамм өнім шаруашылық жүргізу құқығындағы Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқару Медициналық орталығының "Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығы" РМК-на зерттеуге жіберілді. Зертханада сынама Кеден одағының "Тағам өнімдерінің таңбаламасына қатысты" 022/2011 және "Азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігі туралы" 021/2011 техникалық регламенттеріне сәйкестігіне сараптамадан өтті.
"Қаптамада мемлекеттік және орыс тілдерінде таңбалама жоқ. Өнімнің атауы, өнімнің құрамы, көлемі, сақтау шарттары, өндірушінің, импорттаушының атауы мен орналасқан жері, тағамдық құндылық көрсеткіштері көрсетілмеген. Сондай-ақ Бірыңғай ЕАС айналым белгісі жоқ. Тек өндіру күні мен жарамдылық мерзімі ғана көрсетілген. Бұл өнім сертификатталмаған және Кедендік одаққа мүше елдің аумағында заңсыз болып табылады", - дейді "Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы" қоғамдық бірлестігінің өкілі Жанна Биятан.
ҚР "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" заңының 25-бабы 7-тармағына сәйкес, бір тілде немесе шет тілінде берілген ақпарат – берілмеген деп есептеледі. Техникалық реттеу талаптарын орындамағаны үшін ҚР "Әкімшілік құқықбұзушылық туралы" кодексіне сәйкес кәсіпкерлер қомақты айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Барлық мәліметтер 2024 жылдың 24 қазанындағы № 1004/479 тағам үлгісін зерттеу хаттамасына енгізілді.
2024 жылдың 23 қазанындағы №1021/719 молекулярлық-генетикалық зерттеуге арналған шикізат пен тамақ өнімдерін зерттеу хаттамасына сәйкес, өнімде ГМО құрамы анықталған жоқ.
"Сертификаттау өнімнің Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің белгіленген талаптарына сәйкестігін растайтын сапа мен қауіпсіздік кепілі болып саналады. Кедендік одаққа қатысушы елдер үшін сертификаттау қауіпті өнімдерді нарыққа жеткізуге кедергі жасайды. Тұтынушы тауардың таңбаламасын өз бетінше тексеріп, бұзушылықтар анықталған жағдайда бақылаушы органдарға хабарласа алады. Біз өз тарапымыздан қоғамдық бірлестік ретінде Қазақстанда сатылатын тауарлардағы сәйкессіздіктерді анықтау және жою жұмыстарын жалғастырамыз", - деп толықтырды сөзін Жанна Биятан.
Анықтама: Мамандар бізге соя тұздығын қалай дұрыс таңдау керектігін айтты. Сарапшылар әрқашан жапсырмадағы ақпаратты оқып шығуға кеңес береді. Егер ол тек бір тілде жазылған болса, өнімді сөреге қайта қойған дұрыс. Жапсырмада өнім, өндіруші, шектеулер мен пайдалану бойынша ұсынымдар туралы толық ақпарат болуы керек. Жақсы соя тұзздығының ингредиенттері: соя, бидай, қант, тұз, сірке суы. Ол әрқашан айқын қоңыр реңкке ие болады, шөгіндісіз. Өнімдегі ақуыз мөлшері 6-8% жетуі керек. Табиғи тұздық ешқашан пластикалық ыдыстарға құйылмайтынын есте ұстаған жөн, ол тек мөлдір шыны бөтелкелерде болады.
Құпия сатып алушы әдісін қолдана отырып, сарапшылар "Flat fillets of anchovies in olive oil" таза зәйтүн майындағы анчоус етін сынады. Ол да Ақтөбедегі дүкеннен сатылып алынған. 56 граммдық банкіде өндіруші де, шығарылған күні де көрсетілмеген.
Анчоустар Ақтөбе облысы бойынша "Ұлттық сараптама орталығы" ШЖҚ РМК филиалына сараптамаға жіберілді, онда Кеден одағының "Азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігі туралы" 021/2011 және "Тағам өнімдерінің таңбаламасына қатысты" 022/2011 техникалық регламенттері өнімнің сапасы мен қауіпсіздігіне сәйкестігі зерттелді. 2024 жылдың 6 тамыздағы РО-24-13417 азық-түлік үлгілерін зерттеу бойынша №873 хаттамасына сәйкес, өнімде мемлекеттік және орыс тілдеріндегі таңбалама жоқ.
Бұл материалды әлеуметтік жобаның орындаушысы – "Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы" қоғамдық бірлестігі дайындаған.
Тауарлардың (жұмыстардың, қызметтердің) сапасына жүргізілген зерттеулердің нәтижелері туралы "МОТҚҚҚ" ҚБ тарататын ақпараттар жарнама болып саналмайды және тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін іске асыруға ықпал етеді.
ҚР МСИ Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің мемлекеттік тапсырысы аясында тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық ұйымдармен тығыз байланыста сапасыз және қауіпті азық-түлік өнімдері анықталуда.
Тұтынушылардың құқықтары бұзылған жағдайда тұрғылықты жеріңіз бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне хабарласуға болады, байланыс нөмірлері ҚР МСИ сайтында (Ақтөбе облысының сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті) орналасқан. Сенім телефоны: 8 (7132) 548 126).
Осыған ұқсас сұрақтар бойынша Instagram OZPP.KZ немесе 87054222739 телефоны арқылы хабарласуға болады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2187510-zerthana-mamandary-sheteldik-ondirushilerding-azyq-tulik-onimderinen-ne-tapty/