Шымкент әкімі тұрғындармен бірге баскетбол ойнады
Опубликовано:

Шымкентте халыққа қолайлы жағдай жасау мақсатындағы жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Мәселен күні кеше қалада үш бірдей саябақ ел игілігіне берілді. Мегаполис басшысы Ғабит Сыздықбеков қоғамдық орындардың ашылу салтанатына қатысып, тұрғындармен жүздесті, деп хабарлайды Otyrar.kz.
Шымкентте бір күнде 3 бірдей саябақ ел игілігіне берілді. Демалыс орындарының барлығы Әл-Фараби ауданында орналасқан. Соның бірі — Есіл және Камал көшелерінің арасындағы 50 соттық жерді алып жатқан гүлзар.
Ұлт саулығын жақсарту мақсатында саябаққа ойын және спорт алаңшалары, 3 әткеншек, 2 теннис және 1 шахмат үстелі орнатылған. Сондай-ақ, 200 шаршы метрді құрайтын заманауи баскетбол алаңшасы да бар. Жаңа демалыс орнын халыққа табыстауға келген қала әкімі тұрғындармен бірге баскетбол ойнады.
Пайдалануға берілген келесі саябақ Диваев көшесінде орналасқан. Демалыс орнында шынар, гуджу, каштан көшеттері мен көпжылдық сәндік гүлдер отырғызылған. Сонымен қатар, 2 әткеншек, 2 теннис және 1 шахмат үстелі де орнатылған. Мәрмәрдан жасалған орындықтар, жарықшам бағаналары мен декоративті тастар да гүлзар сәнін келтіріп тұр. Сондай-ақ, қала тұрғындары мен қонақтарына 2 велотұрақ, ауызсу бұрқағы және фотоаймақ жасалған.
Жандосов және Жібек жолы көшелерінің қиылысындағы саябақ та пайдалануға берілді. Серуендеу орнында ескі субұрқақ пен көпір күрделі жөндеуден өтіп, канал аумағы толық қоршалды. Мұнда қала тұрғындарына қолайлы орта қалыптастыру үшін тегін автотұрақ салынып, 764 шаршы метр аяқжол төселді.
Ғабит Сыздықбеков жаңа гүлзарлардың қала тұрғындары үшін қолайлы орынға айналарына сенемін деді. Шымкентті жасыл қала ретінде жаңғыртып, барынша қолайлы орта қалыптастыруды көздеген әкімге ақсақалдар батасын берді.
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2187524-shymkent-akimi-turgyndarmen-birge-basketbol-oinady/