Өнімнің қауіпсіздігі және тұтынушылардың құқығы: әр үйден табылатын күрішті қалай таңдау керек
Жарияланған күні:

Дүкен сөрелеріндегі өнімдердің сапасы мен қауіпсіздігіне сеніп, күн сайын түрлі өнімдерді сатып алып жатамыз. Дегенмен, әрқайсымыз сеніміміз ақталмаған жағдайға тап болуымыз мүмкін. Мұндай тәуекелдерді азайту үшін Қазақстан тұтынушыларды қорғауға және жауапты нарықты дамытуға бағытталған жобаларды белсенді түрде жүзеге асыруда. Бұл туралы "МОТҚҚҚ" ҚБ хабарлайды.
2024 жылдың маусым айынан бастап Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, тауар сапасына ауқымды мониторинг жүргізді. Үкімет қолдаған бұл бастама өнімнің қазақстандық ережелерге және Кедендік (Еуразиялық экономикалық) одақ талаптарына сәйкестігін қамтамасыз ету бойынша күш-жігердің бір бөлігі болды.
Мониторинг жүргізу үшін "құпия сатып алушы" әдісі қолданылды. Бұл тәсіл өнімдерді сіз және мен, яғни қарапайым сатып алушы сияқты бағалауға мүмкіндік береді. Тексерілген тауарлардың бірі – Ақтау қаласындағы дүкендердің бірінен "Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы" қоғамдық бірлестігінің белсенділері сатып алған пластикалық қаптамадағы күріш болды.

Өнім Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқару Медициналық орталығының "Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығы" ШЖҚ РМК аккредиттелген зертханасына кешенді зерттеуге жіберілді, онда оның Кеден одағының (ЕАЭО) "Азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігі туралы" және "Тағам өнімдерінің таңбаламасына қатысты" техникалық регламенттеріне сәйкестігі тексерілді.
Зертханалық сынақтар қаптаманың таңбаламасы көптеген сұрақтар туғызатынын көрсетті. Онда мемлекеттік және орыс тілдеріндегі:
- өнім атауы;
- құрамы;
- жасалған күні және жарамдылық мерзімі;
- сақтау шарттары;
- тағамдық құндылық көрсеткіштері;
- өндіруші немесе импорттаушы туралы ақпарат;
- ЕАЭО нарығында өнім айналымының белгісі (Еуразиялық сәйкестік белгісі) сияқты ең маңызды ақпараттар жетіспеді.
Таңбалама стандарттарын бұзу – тұтынушының саналы таңдау құқығына қауіп төндіреді. Жарамдылық мерзімі немесе ингредиенттер туралы ақпараттың болмауы сенімді ақтамайтын немесе тіпті, денсаулыққа қауіп төндіретін өнімді сатып алуға әкелуі мүмкін.
Алия Алибекова, адам құқықтары жөніндегі сарапшы:
"Тауардың таңбаламасы тұтынушы мен нарық арасындағы сенімнің негізі болып табылады. Құрамы мен жарамдылық мерзімі туралы ақпарат болмаса сатып алушы саналы таңдау жасау мүмкіндігінен айырылады. Сонымен қатар, "Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы" заңы импорттаушыларды өз қаражаты есебінен таңбалауды қазақ және орыс тілдеріне аударуды міндеттейді. Мұндай ақпараттың болмауы жай ғана жіберіп алу емес, бұл тұтынушының толық және нақты ақпаратқа қол жеткізу құқығын бұзу".
Сондай-ақ Алия Расбекқызы қаптамадағы Еуразиялық сәйкестік белгісі өнімнің Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламентіне сәйкестігінің кепілі екеніне тоқталды. Оның болмауы өнімнің қажетті тексерулерден өтпегенін көрсетуі мүмкін.
Тұтынушыларды қорғауда мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың бірлескен жобалары маңызды рөл атқарады. Мемлекеттік қолдау тәуелсіз тексерулерге мүмкіндік береді, ал Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы сияқты қоғамдық бірлестіктер сатып алушылар мен бақылау органдары арасындағы дәнекер қызметін атқарады.
"Біз тек заңбұзушылықтарды анықтауға ғана емес, сонымен қатар кәсіпкерлердің жақсы болуына көмектесуге тырысамыз. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау тек бақылау ғана емес, сонымен қатар бизнеспен диалогты білдіреді. Кәсіпкерлер стандарттарға неғұрлым сай болса, тұтынушылардың да сенімі артады", – деп толықтырды Алия Алибекова.
Алия Расбекқызы құқықтарыңызды қорғауға көмектесетін бірнеше ұсынымдар берді:
- Таңбаламаны тексеріңіз. Сатып алудан бұрын қаптамада біздің елдің ресми тілдеріндегі барлық қажетті ақпарат бар екеніне көз жеткізіңіз: құрамы, жарамдылық мерзімі, сақтау шарттары. Бұл ақпараттың болмауы өнімнің стандарттарға сәйкес келмеуі мүмкін екендігі туралы белгі болып табылады.
- Түбіртектерді сақтау және бұзушылықтарды жазу. Таңбаламаға немесе өнім сапасына қатысты ақауларды байқасаңыз, суретке түсіріп, чекті сақтап, бақылаушы органдарға немесе қоғамдық ұйымдарға хабарласыңыз.
- Мұқият болыңыз. Қаптамада Еуразиялық сәйкестік белгісінің болмауы өнімнің қауіпсіздігі туралы ойлануға негіз болып табылады.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау мемлекеттің, кәсіпкерлердің, тұтынушылардың өздеріне жүктелетін міндет. Бірлескен күш-жігер әрбір қазақстандық сатып алатын өнімнің сапасына сенімді бола алатын қауіпсіз және ашық нарық құруға мүмкіндік береді.
Бұл материалды дайындаған "Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы" қоғамдық бірлестігі сапалы өнім таңдау – өз денсаулығыңыз бен жақындарыңыздың денсаулығына қамқорлық жасау екенін еске салады. Біз бірге нарықты барлығына жауапты және қауіпсіз ете аламыз.
Осыған ұқсас сұрақтар бойынша Instagram OZPP.KZ сілтемесі немесе 87054222739 телефоны арқылы немесе Маңғыстау облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің 8 (7292) 43-01-17 сенім телефоны арқылы хабарласа алатыныңызды ескертеміз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2188169-onimning-qauipsizdigi-zhane-tutynushylardyng-quqygy-ar-uiden-tabylatyn-kurishti-qalai-tangdau-kerek/