"Мұсылман дінін қабылдап, атымды Мадина деп өзгерттім": қазаққа келін болған Ресейдің тумасы атқа мініп, іс тігеді (видео)
Жарияланған күні:
Балалық шағында әкесімен бірге Ресейден Қарағанды облысына қоныс аударған Марина осы елге сіңіп, қазаққа келін болып, мұсылмандықты қабылғанын айтады. Бүгінде ол трендке айналған шапандар тігіп, аттың құлағында ойнайды. "Таңшолпан" бағдарламасына берген сұқбатында қазақ келіні Мадина ауылдан кеткісі келмейтінін жеткізді.
Телеарна мәліметінше, Мадина Мәскеуде дүниеге келген. 1980 жылы әкесі отбасымен Қарағанды облысына жұмыс бабымен көшіп келеді.
Ол содан бері ауылда өсіп, қазақ мектебінде оқыған. Кейіннен қазақ жігітіне тұрмысқа шығып, мұсылман дінін қабылдайды. Жолдасымен 30 жыл отасып, қазір 6 баласынан немере сүйіп отыр.
Қазір Мадина трендке айналған шапандарды тігумен айналысады. Ауылдастарынан тапсырыс қабылдайды.
"Іс тіккен ұнайды. Тігін тіккенде ештеңе ойламаймын, тек әндетіп отырамын. Біреу мазамды алғанын ұнатпаймын", - дейді ол.
Мадинаның балалары – студент. Үйдің де, түздің де жұмысы өзінің мойнында. Атқа мініп, тіршілігін тындырады. Ол – ауылдағы жастайынан арғымақ мінген санаулы қыздың бірі. Қазақ мектебін бітірген ол кейін мұсылмандықты қабылдаған.
"Атқа отырғаннан өзімді керемет сезінемін, бір жағынан ем. Қан айналады. Бұрынғы кезде неге ауру аз болды? Өйткені атқа мінгендер көп болды. Қазір ешкім атқа мінбейді. Ауылдан кеткіміз келмейді. Осы жер ыстық", - дейді кейіпкер.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2188745-musylman-dinin-qabyldap-atymdy-madina-dep-ozgerttim-qazaqqa-kelin-bolgan-reseiding-tumasy-atqa-minip-is-tigedi-video/