Зектілері

Ақмолада қолында 2 жасар баласы бар келіншек үйден шығып, із-түссіз жоғалып кетті

Жарияланған күні:

Полиция қызметкері
Полиция. Көрнекі сурет: Polisia.kz

Ақмола облысының 23 жастағы тұрғыны екі жасар баласын қолына алып, таңертең ерте үйінен шығып кеткен. Хабар-ошарсыз кеткен ана мен сәби теміржол вокзалынан табылды. Бұл туралы облыстық полиция департаменті хабарлайды.

Ведомствоның баспасөз қызметінің хабарлауынша, қарашаның 15-і күні Қосшы полиция бөліміне жергілікті тұрғын 2001 жылы туған әйелін табуға көмектесуін сұрап хабарласқан.

"Ер адамның айтуынша, бір күн бұрын таңғы сағат жетілер шамасында әйел екі жасар ұлымен бірге үйден белгісіз бағытта шығып, із-түссіз жоғалып кеткен. Өзі іздеп көргенімен жұбайын таба алмай, ақыры полицияға жүгінген", - делінген Ақмола облысы полиция департаменті хабарламасында.

Тәртіп сақшылары арызды бірден тіркеп, жоғалған әйелді іздеуге кірісті.

Бір тәуліктен кейін Қосшы полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Тараз қаласындағы вокзалда Ақмола облысының тұрғыны мен оның ұлын тапты.

"Кейіннен жас келіншектің туған қаласына қарай бет алғаны белгілі болды. Оның қандай себеппен үйден кеткені анықталып жатыр, тексеріс жұмыстары жүргізілуде", — делінген хабарламада.

Бұған дейін Ақмола облысында із-түссіз жоғалған мектеп оқушысы шахтадан табылғанын жазған болатынбыз. Полицейлер Бестөбе ауылындағы шахтаның төменгі қабатына түсіп кеткен 17 жастағы жасөспірімді тауып, үйіне қайтарды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2189147-qolynda-2-zhasar-balasy-bar-aqmolalyq-kelinshek-uiden-shygyp-iz-tuzsiz-zhogalyp-ketti/