Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Интернетке шектеу, мигранттар": Мәскеудің бүгінгі келбеті қандай (фото)

Жарияланған күні:

Мәскеу
Мәскеу. Фото: KAZ.NUR.KZ

Бұл күндері Мәскеу көшелерінде халық қарасы аз. Әуежайдан түскен бетте әскери киімді адамдар мен арбаға таңылған жаралы ер азаматтар бірден көзге түсті. Ал атақты Қызыл алаңның айналасы темір турникеттермен қоршаулы, айналасын полицейлер күзетіп тұр. KAZ.NUR.KZ тілшісі Ресейдің бас қаласының бүгінгі жай-күйінен фоторепортаж ұсынады.

Әуежай

Әуежай
Әуежай. Фото: KAZ.NUR.KZ/Ләззат Салимова

"Шереметьево" халықаралық әуежайында мигранттар үшін тексеріс қатаң. Олардан не үшін, қандай мақсатпен келгені сұралады. Кедендік бақылаудан өту үшін кезекте бір сағаттай күтуге тура келді. Кей адамдарды кері қайтарып, қосымша тексерістен өткізіп жатты. Ал ішкі рейс ұшақтары келіп қонатын әуежай терминалынан әскери киім киген жас жігіттерді, арбадағы жаралы ер азаматтарды жиі кездестіруге болады.

Интернет

Мәскеу
Мәскеу қаласы. Фото: KAZ.NUR.KZ/Ләззат Салимова

Ресей жеріне табан тірегеннен роумингке өту қажет немесе жергілікті sim-картаны пайдаланған жөн. Өйткені кез келген жердегі Wi-Fi желісіне қосылу мүмкін емес. WhatsApp мессенджерінен өзге әлеуметтік желілерге шектеу бар. Instagram, Youtube, Telegram секілді кең таралған әлеуметтік желіні пайдалану қиындық тудырады. Тіпті Google іздеу жүйесіне кіру шектелген. Тек VPN қосымшасын жүктеп алғаннан кейін ғана кейбір әлеуметтік желіні шолып шығуға мүмкіндік бар.

Мәскеу көшелері

Мәскеу
Мәскеу қаласы. Фото: KAZ.NUR.KZ/Әйгерім Сайқын

Бүгінде Мәскеу көшелерінде кептеліс жоқтың қасы. "Шереметьево" әуежайынан Қызыл алаңның маңында орналасқан қонақ үйге дейін көлік 30 минутта жеткізді. Такси құны Астанамен шамалас. Қала әлемнің мықты архитекторларының идеясымен салынған әр түрлі ғасырға тиесілі архитектуралық ғимарттарымен, әдемі саябақтарымен, жағалауларымен көз тартады. Азық-түлік дүкендерінің орнына жайлы кофеханалар мен мейрамханалар орналасқан. Түрлі елдің асханасы, әсіресе шығыс тағамдарын ұсынатын шайханалар көзге көп түседі. Әлемдік бренд дүкендерінің маңдайшалары жанып тұр, бірақ ішінде тауар жоқ.

Дүкен
Дүкен. Фото: KAZ.NUR.KZ/Ләззат Салимова

Мәскеудің ең көрнекі жері - Қызыл алаңның айналасы бұл күндері темір турникеттермен қоршаулы. Алаңның бір бөлігінде құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Полиция көліктері мен қызметкерлерін жиі кездестіруге болады. Демалыс күндеріне қарамастан алаңда халық аз, әр жерден туристерді байқауға болады. Мәскеу тұрғындарының айтуынша, бұл күндері алаң жиі уақытша жабылып жүр.

Соңғы уақытта Ресейге Қытай, Үндістан, Таяу Шығыс елдерінен туристер көп келетін көрінеді. Осы жылдың қаңтар-тамыз айлары аралығында 6 миллионнан аса қонақ келген. Дегенмен бұл көрсеткіш 2019 жылмен салыстырғанда үш есеге аз.

Қоғамдық көлік

Мәскеу метросы
Мәскеу метросы. Фото: KAZ.NUR.KZ/Ләззат Салимова

Мәскеуде қоғамдық көліктің жұмысы жақсы жолға қойылған. Таксиден бөлек автобус, трамвай, метро қаланың қай бұрышына болсын жерге жетуге ыңғайлы. Көшеде электробустарды көп кездесіруге болады. Жергілікті тұрғын бұл жақта адамдардың көбі метромен қатынайтынын айтады. Бұл көлік түрінің бір жолғы билеті 400 теңге шамасында. Діттеген жеріңе бірнеше минутта жеткізеді. Әр екі минут сайын қатынайды. Соған қарамастан ішінде бос орын жоқ.

Қызмет көрсету саласындағы мигранттар

Қызмет көрсету саласында, такси қызметінде және курьерлердің біразы – мигранттар. Мәселен Қырғызстан азаматы Илгиз Сулойманов Мәскеуде 17 жылдан бері тұрып жатыр. Ол күніне 8-14 сағат курьер болып қызмет етеді. Бір апталық табысы - шамамен 35-40 мың рубль.

Илгиз Сулойманов
Илгиз Сулойманов, қырғыз азаматы. Фото: KAZ.NUR.KZ/Ләззат Салимова

"Қала ішінде осы жол талғамайтын, барлық мезгілге арналған велосипедпен жүремін. Екі бөлмелі пәтерді айына 45 мың рубльге жалға алып отырмын. Бір бөлмесінде ағаммен бірге тұрамын. Екінші бөлмесін баласыз отбасыға жалға беріп отырмын. Олардан айына 25 мың рубль аламын. Одан қалса тамаққа және жеке бастың шығындарына аптасына 15 мың рубль кетеді. Қалған ақшамды жинап, ата-анама жіберемін. Ол жақта мал бар, солардың шығыны бар", - дейді Илгиз Сулойманов.

Оның айтуынша, Ресейде келесі жылдан бастап мигранттарға қатысты жаңа заң қабылданады, яғни қазір олардың бұл елде болу мерзімі бір жыл болса, енді ол үш айға дейін қысқарады. Сондықтан осы жылдың соңында өз еліне көшетінін айтады.

Мәскеуде күн сағат нешеде батады

көше
Мәскеу кеші. Фото: KAZ.NUR.KZ/Ләззат Салимова

Бұл күндері Мәскеуде ауа-райы температурасы +7, +1 шамасында. Күздің соңғы күндері мұнда жаңбырлы, аспан түнеріп тұр. Сағат 16.30 шамасында күн батып, қараңғы түсе бастайды. Жергілікті халық бұл құбылысқа еті үйренген.

Қалада қым-қуыт тіршілік, мегаполис тұрғындарға жылдамдыққа мәжбүрлейтіндей, мұнда әр минут маңызды, бәрі тура уақытпен жүреді.

Автор: Ләззат Салимова

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2190524-internetke-shekteu-migranttar-maskeuding-bugingi-kelbeti-qandai-foto/