XVI "Media Құрылтай": қоғамдық-саяси бағыттағы хабарларға көрермен сұранысы артты
Жарияланған күні:
20 қараша күні Алматы қаласында дәстүрлі XVI республикалық "Media Құрылтай" өтті. Медиа индустрия саласындағы дәстүрлі пікірталас алаңы саналатын шараның негізгі сессияларының бірі отандық телеарналарды қаржыландыру мен телеөндірістегі мәселелер тақырыбына арналды.
Телевизия тақырыбына арналған сессияға Qazaqstan телеарнасының директоры Болат Мүрсәлім, "Хабар" Агенттігі" АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Данияр Меңілбеков, "Қазақстан" РТРК" АҚ Басқарушы директоры Айдын Егізова және "Satti Media Partner's" ЖШС Бас продюсері Шолпан Батырбаева қатысты.
Төрт республикалық телеарна мен 14 аймақтық телеарна және 4 республикалық радиоарнаны біріктіретін "Қазақстан" телерадиокорпорациясы аталған тақырыптар бойынша тәжірибесін бөлісті. Сарапшылар мен құрылтай спикерлері телесериал өндірісі тақырыбын да талқылады. Бұл ретте, отандық нарықтағы үздік тәжірибе ретінде "Қазақстан" телерадиокорпорациясы іске асырған нақты кейстер сөз болды.
"Корпорация 2009 жылдан бастап жалпы саны 3067 сериядан тұратын 159 телехикая шығарған. Түрік, корей, үнді, орыс, украин сериалдарының бюджеті біздің отандық хикаялардың қаржысынан бірнеше есе көп. Соған қарамастан, Корпорация көрермен сұранысына лайық дүние жасауға барынша еңбек етіп келеді", - деді Болат Мүрсәлім.
Арна басшысының сөзінше, Qazaqstan телеарнасы эфирінің 75 пайызы отандық өнімдерден тұрады. Арна теленарықтағы үздік үштікке кіреді. Биыл жыл басынан бері 6-54 жас аралығындағы аудиторияда арна 11.2% үлеспен 2-орында тұр.
Research Central Asia зерттеу компаниясының биылғы мәліметтері бойынша, жалпы қазақстандықтардың 41,4%-ы күн күн сайын телерналарды көреді.
Құрылтайда телевизия саласындағы жаңа үрдіс ретінде көрермендердің ойын-сауық немесе телесериалдарды ғана емес, қоғамдық-саяси бағыттағы хабарларды да қызыға көретіні айтылды. Мысалы, "Апта", "Ақорда", "Бас тақырып", "Әлем және біз" сияқты хабарлардың үлесі 10-14% аралығына дейін барады.
Ал, "Қазақстан" РТРК" АҚ Басқарушы директоры Айдын Егізова BirgeTV стримингтік сервисі туралы айтты. Платформаның басты ерекшелігі SmartTV, мобильді құрылғылар және веб-нұсқада қолжетімді.
"Стримингтік сервисте Корпорация жобаларынан бөлек, Koktem, Show kz секілді Корпорация ұсынған контенттер арқылы жасақталған виртуалды телеарналар бар. Тек қазақтілді контенттен тұратын жоба наурыз айында іске қосылды, қазір тұрақты пайдаланушылар саны 600 мыңға жетті. Оның 140 мыңы биылғы күзгі телевизиялық маусым кезінде қосылған аудитория, яғни, бұл көрсеткіш жаңа телевизиялық өнімдерге деген көрермен сұранысын көрсетеді", - деді А.Егізова.
"Media Құрылтайда" отандық телехикая өндірісінің мәселелері де сөз болды. Бұл ретте, "Satti Media Partner's" ЖШС Бас продюсері Шолпан Батырбаева медианарықта білікті мамандар шоғыры мен телехикаялар түсіру индустриясы қалыптасып келе жатқанын айтты. Бұл жұмысты әрі қарай жетілдіру үшін тұрақты және қомақты қаржыландыру тетіктерін ойластыруды және бұл бағыттың мемлекеттік тұрғыда маңызды екенін атап өтті.
"Мысалы, Біз "Қазақстан РТРК" АҚ тапсырысы бойынша "Қорқыт" атты 4 сериялы телехикая түсірдік, нәтижесінде Торонто, Монреаль фестивальдерінен 4 марапатқа ие болдық. Отандық телесериалдарды, оның ішінде тарихи немесе тұлғаларға арналған телехикаяларды түсіру жұмысына бизнес жоба ретінде емес, мемлекеттік ауқымдағы жұмыс ретінде қарау маңызды. Себебі ол арқылы көрермен тарихымызды ғана танып қоймайды, сонымен қатар шет елдік контенттердің орнына төл туындыларымызды көреді", - деді Ш. Батырбаева.
Мемлекеттік және жеке телеарналар тақырыбына арналған сессияда "Хабар" Агенттігі" АҚ Басқарма Төрағасынның орынбасары Данияр Меңілбеков те телехикая өндірісі туралы қозғады.
"Қазіргі уақытта отандық сериалдың бір сериясын шығару құны – небәрі 12 000 - 16 500 АҚШ доллары. Ресейде бұл сома бірнеше есе, тіпті ондаған есе жоғары. Мысалы, танымал актерлердің қатысуымен түсірілетін ресейлік сериалдардың құны бір эпизод үшін 100 000 доллардан басталады. Басты рөлде Константин Хабенский ойнаған "Метод-3" сериалы бір эпизод үшін шамамен 500 000 АҚШ долларын жұмсайды. Бұл бюджеттің едәуір бөлігі мемлекет есебінен бөлінеді. Мұндай жағдайда басқа елдерден алынатын сериалдармен бәсекелесу қиынға соғады", - деді Д. Меңілбеков.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2190777-xvi-media-quryltai-qogamdyq-saiasi-bagyttagy-habarlarga-korermen-suranysy-artty/