Алматылық мопедшілер 1 қаңтардан бастап күшіне енетін жаңа талапқа дайын ба
Жарияланған күні:
Қазақстанда 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап мопед пен скутер жүргізушілеріне жүргізуші куәлігі қажет болады. Бұрын бұл көліктерді басқару үшін арнайы рұқсат талап етілмейтін. Енді "А1" санатындағы куәліксіз мопедпен жолға шығуға тыйым салынады. Алайда заң бұзған мопедшілерге айыппұл тек 4 сәуірден бастап салынады. KAZ.NUR.KZ тілшісі алматылық мопедшілерге бұл заң қалай әсер еткенін сұрастырды.
- 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда мопед пен скутер жүргізушілеріне "А1" санатындағы жүргізуші куәлігі қажет болады, бұл талап жол-көлік оқиғаларының санын азайту үшін енгізілген.
- Жаңа заң бойынша мопед иелері арнайы курстан өтіп, емтихан тапсыруы, көлікті тіркеп, нөмір белгісі мен сақтандыру полисін рәсімдеуі қажет, бұл талаптар сәуірден бастап күшіне енеді.
- Алматылық Самат Нұрболдин сияқты мопед иелері бұл заңды қолдайды, себебі ол жол қозғалысын қауіпсіз етіп, апаттар санын азайтуға көмектеседі деп санайды.
Алматылық Самат Нұрболдин неге мопед алғанын және бұл көлік түрі өзіне не себепті ыңғайлы екенін түсіндірді.
"Мопедті қолдан алдым, айдалған күйі 100 мың теңгеге сатып алдым. Шығыным жүргеніме байланысты күніне 500-1000 теңгедей болады. Ал майына келсек, аптасына жүргеніңе байланысты 2500 теңгедей жұмсаймын. Алайда бұл мопедтің жағдайына байланысты шығын көлемі екенін ескеру керек", - дейді ол.
Сондай-ақ ол әсіресе көктемде мопед маусымы басталатынын айтады. Алматының кептелісін, бензин бағасын ескерсек, бұл өте қолайлы көлік.
"Мобильді қозғалыс деп жатамыз ғой, ең керегі осы көлік түрі болған соң ауысуды ұйғардым. Жаңадан заң шығып, мопедшілерге бірден талап қоймай, бізге уақыт бергені дұрыс болды, себебі әркімнің жағдайы бола бермейді. Бұл заңды дұрыс дейтін себебім, қазір оқушылар да осы көлік түрімен жүріп, талай мерт болған жағдайды көрдік. Көбі айдауды білмейді, қалада содан жол-көлік оқиғасы көбейген", - дейді Самат Нұрболдин.
Алайда қыс мезгілінде мопед жүргізу қиын, дейді мопедші.
"Денсаулығын ойлайтын адам, қыста мопед жүргізбейді. Жер құрғақ болса, жүруге мүмкіндік бар, алайда желдің өтінен, мұзтайғақтан жол апатына ұшырау қаупі артады. Алайда амалдың жоғынан, несиесін төлей алмай жүргендер қысы-жазына қарамай, жүргізе беретін сияқты. Арнайы жылы киім киетіндерді көріп жүрміз", - дейді Самат Нұрболдин.
Оның сөзінше, жастар тіпті мопедпен қаланың қуыс көшелерінде полициядан қашу әдеті пайда болған. Сондықтан жаңа заңды мопедші қолдаймын деп отыр.
"Негізінен заң шығып, машиналар сияқты мемлекеттік нөмір таққаны дұрыс болды. Қазіргі мопедім ескіріп, оны "разборға" өткізіп, жаңасын алмақпын. Себебі мопедтің түр-түрі бар. Сапасына байланысты бағасы да өсе береді. Енді А немесе А1 санаты бойынша нөмір тіркеп алмақпын. Себебі барар жеріме жету үшін, анда-санда жеткізіп беру қызметімен айналысуға өте қажет", - дейді Самат.
Мопедшілерге қойылған жаңа талап қандай
- Мопедті басқару үшін "А1" санатындағы жүргізуші куәлігі қажет.
- Мопед иелері арнайы курстан өтіп, теориялық және практикалық емтихан тапсыруы керек.
- 16 жастан бастап "А1" санатын алуға рұқсат етіледі.
- Жолға шықпас бұрын мопедтің техникалық жағдайын тексеріп, нөмір белгісі мен сақтандыру полисін рәсімдеу қажет.
Мопед пен скутер жүргізушілеріне куәлік алу талабы – Қазақстандағы жол қозғалысын қауіпсіз етуге бағытталған маңызды қадам. Бұл ереже көлік қатысушылары арасындағы тәртіпті нығайтып, апаттар санын азайтуға көмектеседі. Жаңа талаптарды ескеріп, заңға сай әрекет ету – әрбір мопед иесінің міндеті.
Бұл талап не үшін енгізілді
Соңғы жылдары Қазақстанда мопед және скутер жүргізушілері түскен жол-көлік оқиғаларының саны артты. Құқық қорғау органдары жүргізушілердің жол ережелерін дұрыс білмеуі мен тәжірибесінің аздығы апаттардың негізгі себебі екенін атап өткен. Алайда бұған дейін скутерлер немесе мопедтер туралы заңнамада дұрыс түсінік қалыптаспады.
"Жол жүрісі туралы" заңға сәйкес, мопед – цилиндрінің көлемі 50 текше сантиметрден аспайтын іштен жану қозғалтқышымен не электрлі қозғалтқышпен жабдықталған және ең жоғары конструктивтік жылдамдығы сағатына 50 километрден аспайтын екі немесе үш дөңгелекті көлік құралы. Мопедтерге аспалы қозғалтқышы бар велосипедтер, мокиктер, скутерлер және осыған ұқсас сипаттамалары бар басқа да көлік құралдары теңестіріледі.
Көптеген елде мопед жүргізушілеріне куәлік алу міндеттелген. Бұл тәжірибе жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға көмектеседі.
ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің басшысы Қайсар Сұлтанбаевтың айтуынша, сәуірге дейін кейінге қалдыру мопед иелеріне A1 санатындағы құқықтарды алуға және көлікті тіркеуге уақыт беру үшін берілген. Сұлтанбаев ережені қатаңдату жоспарланғанын да айтқан.
Соңғы 11 айда алматылық мопедшілер қанша жол-көлік оқиғасын жасады
Алматы қалалық ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек KAZ.NUR.KZ тілшісінің сауалына берген жауабында оңтүстік астанада қанша жол-көлік оқиғасы болғанын хабарлады. Талдау нәтижесінде биылдың басынан бері мопед жүргізушілері 930 жол-көлік оқиғасын жасағаны анықталған.
"Соның салдарынан 953 адам жарақаттанып, тағы 15 адам қаза тапқан. Ал самокаттардың қатысуымен 127 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 133 адам жарақат алған, бақытымызға орай, қаза тапқандар жоқ", - деді Салтанат Әзірбек.
Бұған қоса жыл басынан бері жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 31 894 мопед жүргізушісі мен 28 762 самокат қолданушысы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. 1 800-ден астам мопед арнайы автотұраққа қойылған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2191293-almatylyq-mopedshiler-1-qangtardan-bastap-kushine-enetin-zhanga-talapqa-daiyn-ba/