Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"81 мектептен кемшілік анықталған": Шымкентте балаларды тегін тамақтандыру мәселесінде кінарат шықты

Жарияланған күні:

ыстық тамақ
Ыстық ас. Фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Шымкенттегі мектептерде балаларды тамақтандыруға тиісті көңіл бөлінбеген. Бұл туралы үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәлімдеді. Жүргізілген республикалық мониторинг қорытындысына сәйкес, Шымкент қаласы мектептегі тегін тамақты ұйымдастыруда кінәраты көп өңірлердің бірі атанды, деп жазады Otyrar.kz.

Басылым мәліметіне сүйенсек, шаһардағы 141 мектепке жүргізілген тексеріс нәтижесінде 81 оқу ордасынан кемшіліктер пен бұзушылықтар анықталған. Атап айтсақ, залалсыздандыру заттарының сақталу режимі бұзылып, құжатнамалар уақытында толтырылмаған.

Министрлік аталған мәселе бойынша кәсіпкерлерге әкімшілік-жауапкершілік енгізу мәселесін пысықтауда. Ал қалалық жауапты басқарма заңнама талаптарын бұзған 81 мектепке хат жолдап, тиісті шара ұйымдастырыпты.

"Мектепті жалға алушыларға, кәсіпкерлерге басқарма тарабынан арнайы хат жолданды. Барлық кемшілікті жою мақсатында осындай іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Мәліметін алдық, қайта барған жоқпыз, керісінше барлығын фото-видеосымен алдырдық", - деді Шымкент қалалық білім басқармасының бөлім басшысы Ұлжалғас Сауырбаева.

Шымкентте 137 мың оқушы мектептерде тегін тамақтанады. Оның 106 мыңы міндетті мәртебеде тегін ыстық тамақпен қамтылатын бастауыш сынып оқушылары. Ал қалған 5 пен 11-сынып арасындағы 31600 оқушы әлеуметтік осал топ санаты бойынша ақысыз ас ішеді.

Министрлік жариялаған ақпаратқа сүйенсек, "Әділдік және өркендеу" қоғамдық қоры республикалық сауалнама жүргізіп, қамтылатын тегін тамақтың сапасына қазақстандықтардың тек 53 пайызының ғана көңілі толады деген көрсеткіш шығарған.

Ал қалалық білім басқармасы тұрғындар тамақтану бойынша көп шағым арқалап келмейді дейді.Тек бекітілген мәзірді айтып, қуатты ас-ауқат беруді сұрайды екен. Бұл ретте ата-аналардың бір парасы мұны "тегін беріліп жатқан тамақ болған соң шағымданудан тартынамыз" деп түсіндірген.

Басылым мәліметінше, республика бойынша 162 млрд теңге бөлінген тамақтану жобасында 771 бұзушылық белгілі болған. Осы ретте премьер-министр Олжас Бектенов жыл соңына дейін тамақтану стандартын әзірлеуді тапсырды.

"Бүгінгі таңда 403 мектепте асхана жоқ, сондықтан онда балалар ыстық тамақпен толыққанды қамтамасыз етілмеген. Мектептерде, әсіресе шағын және шалғайда орналасқан білім ошақтарында қауіпсіз тамақтануды ұйымдастыру мәселесінде толық тәртіп орнату қажет. Тамақтану сапасын жақсарту және жеткізушілердің жауапкершілігін арттыру бойынша нақты шаралар қабылдаған жөн", - деді Олжас Бектенов.

Оқу-ағарту министрлігі жергілікті атқарушы бақылау органдарының жұмысын жандандыру керек дейді. Ал шымкенттік жауаптылар өз бетінше жүргізген тексерісте ауқымды кемшіліктерді кездестірмеген көрінеді. Басқарма мәліметінше, қалада тамақтан улану немесе сол сынды тамақтану залалдары болмаған, тек ұсақ бұзушылықтар тіркелген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2191950-81-mektepten-kemshilik-anyqtalgan-shymkentte-balalardy-tegin-tamaqtandyru-maselesinde-kinarat-shyqty/