Ұжымдық еңбек дауларын шешудің жолдары қандай
Жарияланған күні:

Жұмыс беруші қызметкердің еңбек құқығын бұзған жағдайда қазақстандықтар қандай шара қолдана алатындығы туралы KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыздар.
Жұмыс беруші мен қызметкер арасында туындайтын келіспеушіліктер кейбір жағдайларда еңбек жанжалына әкеп соқтыруы мүмкін. Ұжымдық даулардың ерекшелігі мен ауқымына қарай оларды шешудің бірнеше жолы бар.
Мәселен, жанжалды қысқа мерзімде әрі аз шығынмен шешу мақсатында қызметкер жұмыс берушімен тікелей байланысқа шығады. Сонымен қатар жұмысшы оның мүддесін қорғайтын кәсіподақ ұйымының (егер кәсіпорында бар болса) көмегіне жүгіне алады.
"Менің білуімше, қазіргі уақытта қазақстандықтар өздерінің еңбек құқықтарын қорғауға барынша ұмтылуда. Қазір кез келген органға, мемлекеттік еңбек инспекциясына немесе құқық қорғау органдарына шағымдану оңай. Цифрландыру процессінің де атқаратын жұмысын көруге болады", - дейді еңбек құқығы жөніндегі сарапшы, заңгер, әлеуметтанушы Асқар Байғазин.
Еңбек дауларын шешу үшін келісім комиссиясы құрылуы мүмкін. Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес ол жұмыс беруші мен қызметкерлер өкілдерінің тең санынан құрылады.
Келісу комиссиясы көмектеспеген жағдайда, жанжалды еңбек арбитражында шешуге болады. Бұл ұжымдық еңбек дауының тараптары құрған уақытша орган.
Сонымен қатар, жанжалды шешу үшін медиаторлар тартылады. Медиaтoрдың қaтысуы еңбек дaуын көбiнесе сoтқa дейiнгi тәртiпте шешуге ықпaл етуге aрнaлғaн. Медиативтік келісімдер белгіленген тәртіппен куәландырылса, олар заңды күшке ие болады.
"Қазақстандықтар медиаторлардың көмегіне көп жүгіне бермейді, ал еуропалық тәжірибе үшін бұл норма. Еуропалық одақ елдерінің заңнамасында медиаторлардың мәртебесі нақты белгіленген, сондықтан олар тікелей сот жүйесінде жұмыс істеуге мүмкіндіктері бар. Олар еңбек дауын сот процесіне дейін жеткізбеуге тырысады. Жақсы медиатор барлық саланы жақсы түсінуі керек. Ол өз қызметiнде психoлoгия негiздерiн де қoлдaнaды", - деп бөлісті Асқар Байғазин.
Егер жанжалды кәсіпорын деңгейінде шешу мүмкін болмаса, қызметкерлер мемлекеттік еңбек инспекциясына жүгінуге құқылы. Инспекторлар шағым түскеннен кейін заң бұзушылықтарды анықтау үшін кәсіпорындарда тексеру жүргізеді. Құқықбұзушылықтар расталған жағдайда, жұмыс берушіге әртүрлі ұйғарымдар беріледі. Мысалы, еңбек заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік ескерту жасалып, әкімшілік айыппұл салынады, тіпті кәсіпорын өз қызметін тоқтату туралы ұйғарым шығарылуы мүмкін.
"Қазақстандық қызметкерлер өздерінің еңбек құқықтарын одан да белсенді түрде қорғағанын қалаймын. Көбіне олар жұмыс берушінің құқықбұзушылықтарына шыдайды. Әрине ымыраға келу мәселесі де бар. Бірақ жұмыс беруші жүйелі түрде еңбек құқықтарын бұзып, Еңбек кодексін сақтамаған кезде қорықпай, басшылыққа өз пікіріңізді жеткізуге тырысу керек. Егер бұл ешқандай нәтиже бермесе, басқа шараларға жүгінген жөн", - деп атап өтті Асқар Байғазин.
Қызметкер әрқашан сотқа жүгінуге құқылы екенін айта кеткен жөн. Сот түпкілікті шешім қабылдайды және еңбек талаптарын Еңбек кодексіне сәйкес қарайды. Сондай-ақ жұмыс берушіні өтемақы төлеуге, жұмыстан босатылғандарды жұмысқа қайтып алуға және т. б. шешімдерді сот қабылдай алады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2192583-uzhymdyq-engbek-daularyn-sheshuding-zholdary-qandai/