Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Министр Мәдиев eGov mobile қосымшасында уақыт белдеуіне қатысты сауалнама не себепті өшірілгенін түсіндірді

Жарияланған күні:

Сағат және әйелдер
Сағат. Көрнекі фото: pixabay.com

Үкіметтегі брифингте цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтен eGov mobile қосымшасында уақыт белдеуіне қатысты сауалнама не себепті өшірілгені туралы сұрақ қойылды. Бұл жөнінде KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Мәдиевтің айтуынша, электронды үкімет қосымшасында мұндай сауалнаманы жариялау туралы тапсырысты Ғылым және жоғары білім министрлігі берген.

"Олар уақыт белдеуінің өзгеруін халық қалай қабылдағанын, оның күн тәртібіне әсерін анықтағысы келген. Министрліктегілер 200 мың адам сауалнамаға жауап берген уақытта нәтижені сараптауға дайын екенін ескерткен. Сол себепті 200 мың респонденттің жауабы алынған соң, сауалнама жабылды. Нәтижесі Ғылым және жоғары білім министрлігіне берілді. Оның қорытындысын солардан сұрай аласыз", - деп мәлімдеді Мәдиев.

Оның айтуынша, сағат ауысуына қатысты сауалнама – "иә" және "жоқ" деп дауыс беру емес, ғылыми мақсаттағы зерттеу. "Дауыс беру емес, зерттеу. Сауалнама белгілі бір уақытқа ғана есептелген. Зерттеу мақсатында ғана", - деді министр.

Еске салсақ, 21 қарашада eGov mobile қосымшасында уақыт белдеуіне қатысты сауалнама жарияланған, алайда ол 25 қарашада өшірілген.

Биыл 1 наурыздан бастап Қазақстанның бүкіл аумағы бірыңғай UTC+5 уақыт белдеуіне көшті. Қазақстандықтардың дені өзгерісті сынады. 7 маусымда осы мәселеге қатысты петицияға 50 мың адам қол қойды.

Алайда премьер-министр үкіметтің бірыңғай уақыт белдеуіне көшу бастамасын дұрыс деп атап, қарамағындағыларға халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Өткен аптада оқу-ағарту министрі Саясат Нұрбек бірыңғай уақыт белдеуінің қазақстандықтар денсаулығына әсерін зерттеуге шамамен 90-100 млн теңге бөлінуі мүмкін екенін мәлімдеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2192747-ministr-madiev-egov-mobile-qosymshasynda-uaqyt-beldeuine-qatysty-saualnama-ne-sebepti-oshirilgenin-tusindirdi/