"Қазіргі тренд – жеңіл-желпі әңгіме": Аймағамбетов маңызды мәселелер қоғам назарынан тыс қалып отырғанына қынжылды
Жарияланған күні:

Бұрынғы білім және ғылым министрі, депутат Асхат Аймағамбетов өзінің Facebook-тегі парақшасында әлеуметтік желідегі, жалпы қоғамдағы жеңіл-желпі әңгіменің көбейгеніне қатысты ой өрбітті. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
"Байқасақ, әлеуметтік желіде де, қоғамда да тұщымды ой-пікірге, терең талқылауға деген сұраныс азайған, тіпті жоқтың қасы деуге болады. Қазіргі тренд – жеңіл-желпі әңгіме, тез тарап кететін хайп, жалаң ұрандар мен "инфосығандардың" рилстары", - деп жазады Аймағамбетов.
Оның ойынша, бұған бір жағынан, уақыт талабына сай болуға деген талпыныс әсер етсе керек – бәрі жылдам, қысқа, қарапайым болғанын қалайды.
"Бірақ осындай үрдістердің арасында терең мазмұн жоғалып бара жатқаны алаңдатады. Ойланып қарасақ, қоғамның ой-өрісі жеңіл контенттің ағынында қалқып жүргендей көрінеді. Осы орайда заңды сұрақ туындайды: бұл келешекте бізге не береді? Нәтижесі не болмақ? Ұрандар мен хайптар өтпелі, ал терең мазмұн мен күрделі ойлар – тарихтың негізі", - деп жазады мәжіліс депутаты.
Ал, Аймағамбетовтің жазуынша, бюджеттің тапшылығы, нашақорлықты алдыр алу жолдары, білім мен денсаулық саласының проблемалары, дамуы, балалар мен жастардың болашағы, салық кодексінің жаңа қауіпті нормалары сияқты шынымен де маңызды мәселелер қоғам назарынан тыс қалып отыр.
"Жаңа бастамаларымыздың да сұранысқа ие болмауы таңғалдырмайды. Өзіміз сауатты, талғампаз болмайынша, ештеңе өзгермейді. Мүмкін, бізге терең ойлауды сәнге айналдырудың жолын табу керек шығар? Не ойлайсыздар?" - деп түйіндеді сөзін Аймағамбетов.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2193836-qazirgi-trend-zhengil-zhelpi-anggime-aimagambetov-haip-qualagandar-men-infosygandardy-synga-aldy/