Қызылорда облысы ПД бастығын әріптестері зейнет демалысына шығарып салды (фото)
Жарияланған күні:
Қызылорда облысы полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Махсудхан Аблазимовты әріптестері зейнет демалысына құрметпен шығарып салған. Бұл туралы облыстық ПД Instagram-дағы парақшасында хабарланды.
Облыстық ПД ақпаратынша, Аблазимовты зейнетке шығарып салуға байланысты облыс орталығында А.Тоқмағамбетов атындағы Мәдениет үйінде салтанатты іс-шара өтті.
Полиция генерал-майоры Махсудхан Аблазимов бүкіл саналы ғұмырын ішкі істер саласына арнап, 43 жыл бойы мінсіз қызмет атқарған.
"1981 жылы ішкі істер органдарына қызметке келген ол қарапайым инспектордан генерал шеніне дейін білімі мен тәжірибесінің арқасында жеткен өте еңбекқор адам.
Халық сенімін ақтап, беделге ие болу қай салада болмасын, қай маманның да ең үлкен жетістігі. Көптеген жыл бойы қоғамдық тәртіпті қорғап, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету және қылмыспен күрес жолында мінсіз қызмет атқарған ішкі істер саласының білікті маманы, тәжірибелі тәлімгер ретінде Махсудхан Аблазимовтың абырой-беделі жоғары", - делінген ПД хабарламасында.
1992 жылдан бастап басшылық лауазымдарда қызмет етіп, Ішкі істер министрлігі Тылмен қамтамасыз ету департаментінің бастығы, Ішкі істер министрлігінің Аппарат бастығы, Маңғыстау облысы, Ақтөбе облысы, Батыс Қазақстан облысы, Қызылорда облысы Полиция департаменттерінің бастығы болып қызмет атқарды.
Осы салада атқарған еңбегі үшін мемлекет тарапынан ІІ дәрежелі "Даңқ" орденімен марапатталып, ІІМ "Құрметті қызметкері" төсбелгісімен, "Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін", І,ІІ,ІІІ дәрежелі "Мінсіз қызметі үшін", "ҚР Ішкі істер органдарының ардагері" медальдарымен наградталған.
"Қызылорда облысы полиция департаментінің басшылығы және өз атымнан Сізді ұзақ жылдар бойы атқарған ерен еңбегіңіздің жемісін көретін зейнеткерлікке шығуыңызбен құттықтаймын! Өз антыңыздың алдындағы адалдығыңыз бен ел алдындағы ер болмысыңызды таныта білдіңіз. Кейінгі жастарға өнеге үлгі таныттыңыз.
Бүгінгі мерейлі күні біз Сізге барлық ізгі ниетімізді, игі тілегімізді арнаймыз. Жаратушы зор денсаулық, мол тіршілік берекесін берсін дейміз. Әр жылы қуанышыңызды жақсылармен бірге өткізіңіз, Сізге күннің байлығын, деннің саулығын тілейміз!", - деп ПД бастығының міндетін атқарушы полиция полковнигі Абдраманов Ермахан Әділханұлы жылы лебізін жеткізіп, қазақы дәстүрмен иығына шапан жапты.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2194418-qyzylorda-oblysy-pd-bastygy-zeinetke-shyguyna-bailanysty-qyzmetinen-ketti/