"Отбасы, қызмет және спорт": арқан тартыстан чемпион атанған астаналық полицей әйелдер туралы не білеміз
Жарияланған күні:
Астанада әйелдерден құралған жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың мүшелері отбасылық өмірден бөлек қызмет пен спортты қатар алып жүр. Олар жақында өткен республикалық арқан тартыс жарысының чемпионы атанды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Астанада әйелдерден тұратын жылдам қимылдайтын арнайы жасақ 2019 жылы құралған. Оның қатарына іріктеуден өткен полиция саласында тәжірибесі бар мамандар енген. Қылмыстық топтарды, қылмыскерлерді ұстатайтын арнайы жасақтың жұмыс тәртібі де басқаларадан бөлек – 24/7 кез келген шақыртуға дайын болуы қажет. Осындай жұмыс кестесіне қарамастан жасақ мүшелері "Барыс" командасын құрып, арқан тартудан жарыстарда топ жарып жүр.
"Арқан тартыс спортына осы жылдың қаңтарында келдік. Ел ішіндегі жарыстарда жеңіп, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына жолдама алдық. Онда Ресей командасына есе жіберіп, екінші орын иелендік. Біздің командамызда спорт шеберіне үміткерлер ғана емес, халықаралық деңгейдегі спорт шеберлері де бар", - дейді Астана полиция департаментінің әйелдерден құралған жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың взвод командирі, полиция майоры Айнагүл Байжігітова.
Астана қаласында өткен республикалық арқан тартыс жарысында еліміздің әр аймағынан жиналған 20 команда өзара айналмалы жүйе бойынша тартысқа түсті. Алғаш боп 560 келі салмақта әйелдер бақ сынады. Өзара 5 кездесу өткізіп, финалда астаналық "Барыс" командасы жеңімпаз атанған болатын.
Арнайы жасақта қызмет ететін қыз-келіншектердің көбі отбасылы, араларында көпбалалы аналар да бар. Бала тәрбиесін, қоғам тыныштығын, спортты қатар алып жүру шыдамдылық пен табандылықты талап ететінін айтады.
"Бұл қызметке келмес бұрын бәрін саралап, біліп келдік. Сондықтан отбасымыз да шыдамдылық танытып, қолдау білдіреді. Біздің жасақтың қыз-келіншектері бәріне де үлгеріп жүр. Ал спорт – ол өміріміздің ажырамас бөлігі. Күніміз күнделікті жаттығудан басталып, түрлі техникалар, тәсілдерді үйренеміз. Арқан тартыс та оңай емес. Аса күшті қажет етеді. Дайындығымызды жаттықтырушымыз қадғалап отырады", - дейді взвод командирі.
Айта кетейік, Арқан тартыс спорты өткен ғасырда Олимпиада ойындарының бағдарламасында болған. 1900-1920 жылдары Олимпиада ойындарында арқан тартыстан cайыстар өткен. Бұл спорт Олимпиада бағдарламасына әуелі жеңіл атлетиканың бір бөлшегі ретінде кірсе, 1912 жылдан бастап жеке спорт түрінде саналған.
Ал осы жылдың басында елімізде арқан тартыс федерациясы құрылып, ерлер және әйелдер арасында жарыстар өткізіліп жүр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2195936-otbasy-qyzmet-zhane-sport-arqan-tartystan-chempion-atangan-astanalyq-politsei-aielder-turaly-ne-bilemiz/