Шымкентте тұрғындардың 24 пайызы ағылшын тілін меңгерген
Жарияланған күні:

Биыл Шымкентте 15 мәдениет нысанын күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған. Бүгінде меже артығымен орындалып, 23 нысанның кем-кетігі түзетіліпті. Бұл туралы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Бауыржан Орынтаев БАҚ өкілдеріне берген брифингте мәлімдеді. Он айға шолу жасап, есеп берген ол салада айтарлықтай ілгерілеу бар дейді, деп хабарлайды Ontustik.tv.
Телеарна мәліметінше, енді архивтік құжаттар шаң басып, тасада қалмайды. Өйткені басқарма мұрағаттық материалдарды цифрландырып, заманауи үлгіге көшіруді қолға алған. Биыл 600 мың парақты цифрлік үлгіге өткізуді көздеген жауаптылар жоспарды 84 пайызға орындаған.
Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысы Бауыржан Орынтаевтың айтуынша, шымкенттіктердің 97 пайызы мемлекеттік тілде еркін сөйлейді. Аталған көрсеткіш қала тұрғындарының қатысуымен өткен сауалнаманың нәтижесі екен. Сондай-ақ сауалнама қорытындысы мегаполис тұрғындарының 87 пайызы орыс тілін, 24 пайызы ағылшын тілін меңгергенін көрсеткен.
"Басқармаға қарасты тілдерді оқыту әдістемелік орталығы жұмыс істейді. Бұл жерде қазақ, орыс, ағылшын тілдерін үйретеді. Бүгінгі таңда 1302 азамат курстан өтті. Қазақ тілінен 778, орыс тілінен 79, ағылшын тілінен 435 адамды құрап отыр", - деді мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысы Бауыржан Орынтаев.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2196888-shymkentte-turgyndardyng-24-paiyzy-agylshyn-tilin-menggergen/