Зектілері

"Бұл өнермен 50 жыл айналысып келемін": алматылық шебер қамшының 2 мың ерекше түрін жасап шығарған

Жарияланған күні:

Есенгелді Құлжабаев
Есенгелді Құлжабаев. Фото: facebook.com/Абай атындағы ҚазҰПУ мұражайы

Алматылық Есенкелді Құлжабаев 50 жыл ішінде қамшының екі мың ерекше түрін жасап шығарған. Қолөнер шебері қайыстан өрім өріп, түрлі бұйым жасауды әкесінен үйренген, деп жазады KAZINFORM.

Ақпарат агенттігі мәліметінше, Есенкелді Құлжабаев өрімшілік өнерге жастайынан қызығушылық танытқан, 35 жылдай Абай атындағы Қазақтың ұлттық педагогикалық университетінде қолөнерден сабақ берген.

"Бұл өнер менің бойыма әкемнен дарыған деп ойлаймын. Әкем шебер кісі еді. Бала күнімнен қызығушылық танытып, қамшы жасауды үйрендім. Мен бұл өнермен 50 жыл айналысып келемін. Осы күнге дейін 2 мыңға жуық қамшы өрдім", - дейді Есенкелді Құлжабаев. 

Шебердің айтуынша, қамшы жасалуына, қолданылуына байланысты бірнеше түрге бөлінеді екен.

"Оның әрқайсысының атқаратын қызметі, мақсаты, мағынасы да бар. Қамшы жасалу ерекшелігіне, қолданылған материалына, ерекше салынған өрнегіне байланысты тобылғы қамшы, сарыала қамшы, ырғай сапты қамшы, шашақты қамшы деп түр-түрге бөлінеді. Қамшы мынандай бөліктерден тұрады: сабы, өрімі, алақаны, бүлдіргісі, сақинасы, шашағы, өзегі, түйіні, шырмауығы. Осылардың ішінде қамшының сабына ерекше көңіл бөлінеді. Қамшы өрілетін таспа санына қарай, үш өрімнен бастап, қырық өрімге дейін барады", - дейді ол. 

Өрімнің барлық түрін меңгерген Есенкелді Құлжабаев осы күнге дейін 2 мыңға жуық қамшы өрген. Бұдан бөлек, теріден заманауи белдіктер мен түрлі қолдорба да жасайды.

Ата кәсіпті серік еткен Есенкелді Құлжабаев көпшілікке бұйым жасаумен ғана шектелмей, өрім түрлерін үйрететін арнайы методикалық кітап та шығарған.

"Қамшының тарихы ата-дәстүрде жатыр. Қазақ халқы көшпенді ел бола тұра салт-дәстүрді берік ұстанған. Қолөнер бұйымдарына қашанда сұраныс болады. Ата- бабадан қалған асыл мұраны өзгеге үйрету – мен үшін мәртебе", - дейді шебер.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2197419-almatylyq-sheber-zharty-gasyrda-qamshynyng-2-myng-erekshe-turin-zhasap-shygargan/