Қостанай облысында ашылған алғашқы жайлы мектепті аралап көрген ата-аналар қуанышында шек жоқ
Опубликовано:

Қостанай облысында алғашқы жайлы мектеп биыл 4 қарашада Заречный ауылында ашылған болатын. Мектеп ұжымы бастауыш сынып ата-аналарына арнап "Ашық есік күні" шарасын өткізді. Нано технологиямен жабдықталған заманауи білім ордасында балалары білім алып жатқанын көрген ата-аналар қуанышында шек жоқ, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Қостанай ауданындағы №1 Заречный жалпы білім беретін мектептің іші кірсе шыққысыз. Жаңаша бағыттағы білім ордасының жұмыс істеп жатқанына бір ай уақыт өтті. Ал ата-аналар зәулім ғимаратқа сыртынан ғана қызығып қарап, тамсанып жүретін. Қауіпсіздік шараларына орай ішіне кіріп, аралап көре алмады. Сондықтан мектеп ұжымы сабақтар аяқталған соң, кеш мезгілінде "Ашық есік шарасын" ұйымдастырды. Оқу процесттеріне қандай жаңа әдістер қолданылады, материалдық құрал-саймандары қандай заманауи құрылғылармен жабдықталғанын көрсетіп шықты.

"Мектепті аралап шықтық, өте қатты ұнады, бәрі тамаша! Әсіресе заманауи жабдықтармен қамтылған қыздарға арналған еңбекке баулу кабинетіндегі тігін машиналары керемет. Ұлдарға арналған еңбекке баулу кабинетінде де жиһаз бен жарнамалық билбордтар жасайтын, ағаш пен әйнекке компьютер арқылы жазу, ою-өрнектер салу станоктары өте ұнады. Осындай мектепте балаларымыздың оқып жатқанына қуанып тұрмын", - дейді көпбалалы ана Шолпан Жақаева.
Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы бойынша "Жайлы мектеп" Ұлттық жобасының аясында бой көтерген білім ордасының аумағы 10 000 шаршы метр, 2 гектар жер учаскесінде орналасқан. Мектептің құрылысы мен материалдық-техникалық жабдықталуына "Назарбаев зияткерлік мектебі" мен "Білім инновация" лицей-интернаты секілді облыстағы үздік мекемелердегідей стандарты қолданылған.

"Маған ең бір ұнағаны барлық үйірмелер мектеп ішінде болады екен. Балалар бір аусыммен оқиды, түстен кейін өзін-өзі дамыту шараларымен айналыса алады. Бұған дейін баланы би, домбыра секілді үйірмелерге қатыстыру үшін анда-мында тасып жүретінбіз. Қостанай облысындағы озық, жайлы, заманауи мектептің біздің ауылда ашылғанына қатты қуанып жүрміз. Мұндай болады деп түсіме де кірген емес. Мектептегі әртүрлі зертханаларды аралап көрдік. Химия, физика, еңбекке баулу кабинеттеріндегі жабдықтарды қолданған балалар осы жерде өзінің жанына жақын кәсіпті түсініп, ертеңгі күні қандай салада жұмыс істегісі келетінін, болашақ мамандығын нақты таңдай алады деп ойлаймын", - дейді ата-ана Мөлдір Байтасова.

Білім ордасы 900 оқушыға арналған. Заманауи жабдықтармен қамтылған 49 оқу кабинеті бар. Бұрын-соңды қарапайым мектепте болып көрмеген нанотехнология, робототехника, Steam зертханасы бар. Ал, химия, биотехнология, физика информатика сияқты арнайы пәндерге арналған кабинеттерде жоғары оқу орындарының өзінде кездесе бермейтін электронды микроскоп, спектрометр, инкубатор, өсімдікті топырақсыз буда өсіруге арналған жабдықтар мен кептіргіш пеш секілді соңғы үлгідегі құрал-саймандар қойылған.
Сонымен қатар көркем еңбек пәні бойынша төрт шеберхана жұмыс істейді: үй шаруашылығы, бейнелеу өнері, тамақтану мәдениеті және дизайн-технология шеберханалары. Барлық кабинеттер мен шеберханалар заманауи талаптарға сай, әр оқу кабинеттері комппьютер, жылжымалы интерактивті панельдер орналастырылған, барлығы да ғаламторға қосылған.

"Алғашқы күндері мынадай үлкен мектептің ішінде адасып, сасқалақтап жүрдік. Нано технологиямен жабдықталған Steam зертханасы, робототехника кабинеттері ұнайды. Астанада тұратын ағаларымның өзі әлі күнге дейін Заречный ауылында осындай заманауи құрылғылармен жабдықталған мектептің ашылғанына сене алар емес", - дейді 10-сынып оқушысы Алмас Сағынай.
Мектептің ерекшелігі – бастауыш және жоғарғы сынып оқушылары бөлек блоктарда оқиды, олардың кіреберістері де бөлек. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін кіреберісте турникеттер орнатылған. Дәліздерде 103 бейнебақылау камерасы жұмыс істейді, ал күзет бөлмесі дабыл батырмасымен жабдықталған. Ерекше білім алушылардың мүмкіндіктерін ескере отырып, мектепте пандустар, лифт және жеке дәретханалар қарастырылған.

"Мектепте хореография залы, үлкен және кіші спорт залдары, сондай-ақ бастауыш сыныптарға арналған жеке спорт залы бар. Барлық спорт залдарында ұлдар мен қыздарға арналған жеке киім ауыстыратын бөлмелер мен душ бөлмелері орналасқан. Оқушылардың демалуы үшін коворкинг-аймақтар жасалған, онда олар кітап оқи алады, демала алады, ойындар ойнап, жиналыстар өткізе алады", - дейді Қостанай ауданы білім бөлімінің №1 Заречный жалпы білім беретін мектебінің директоры Қарлығаш Алдамбергенова.
Жалпы мектеп қазіргі талаптарға сай жабдықталған және оқушыларға сапалы білім беруге барлық жағдайлар жасалған. Тіпті, кітапхана мен оқу залында заманауи жиһаз, электронды техникалар тізіліп тұр. Интернетке қосылған компьютерлер оқушыларға сабақтан кейін өз бетімен жұмыс істеуге және ізденуге мүмкіндік береді екен. Оқушылардың тамақтануын қамтамасыз ететтін 250 орындық асхана жұмыс істейді. Керекті барлық аспаздық жабдықтары да жеткілікті, әрі көрер көзге көрікті.

"Қазіргі уақытта 1-11 сыныптарда 578 оқушы және 53 тәрбиеленуші, барлығы 631 бала білім алып жатыр. Жалпы сынып-жинақтар саны 32-ге жетті. Мектеп барлық қажетті кадрлармен қамтылған, қазіргі таңда 69 педагог қызмет істейді, педагогтердің кадрлық сапасы 52,4 пайызды құрайды", - дейді №1 Заречный жалпы білім беретін мектебінің директоры Қарлығаш Алдамбергенова.
Алдағы аптада орта буын мен жоғары сынып ата-аналары үшін де осындай "Ашық есік" шарасы өткізілетін болады.

Жалпы бұл мектеп Заречный ауылындағы орын тапшылығын шешу үшін, әрі мемлекеттік тілдегі мектептерді көбейту бойынша Облыстық жол картасы аясында жоспарланған. Атап айтқанда, жергілікті А.Байтұрсынов атындағы мектеп 300 оқушыға арналған, ал іс жүзінде онда 1-11 сыныптарда 800 оқушы және мектепалды даярлық сыныптарында 60 оқушы білім алды. Енді оқушылардың бір бөлігі жаңа оқу орнына ауыстырылып, А.Байтұрсынов атындағы мектепте қосымша білім алу үшін жағдай жасалмақшы.
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2197439-qostanai-oblysynda-ashylgan-algashqy-zhaily-mektepti-aralap-korgen-ata-analar-quanyshynda-shek-zhoq/