Шымкентте тұрғындар балаларға арналған ойын алаңының сапасына шүйлікті (видео)
Жарияланған күні:

Шымкентте балаларға арналған ойын алаңы қолданысқа берілмей жатып бүліне бастады. Тұрғындардың айтуынша, көптен күткен құрылыстың сапасы сын көтермейді. Қыруар қаражатқа орнатылған әткеншектер мен сырғанақтар бұзылса, бала өміріне қауіпті көрінеді, деп хабарлайды 24.kz.
Телеарна мәліметіне сүйенсек, Күншығыс шағын ауданындағы ойын алаңы көптің көңілінен шықпаған. Себебі құрылысы әлі аяқталмаса да, құрылғылардың сапасы сыр берген.
"Алғашқы жауыннан-ақ ағаш панелдердің өңі қашып, дәнекерленген темір бұйымдар ажырай бастады", - дейді пәтер иелері.
"Басқа аулаларды жақсылап істеп келді. Мынау соңғы аула ғой. Осыған келгенде тастады да, кетіп қалды. Жұмысшылар 10 күн жоқ болып кетті. Ешқандай жауапкершілік жоқ. Біз сол сапасы жақсы болады деп ойладық. Әйтпесе біз бұзғызбайтын едік", - дейді қала тұрғыны Әйгерім Әбдірова.
Көпқабатты тұрғын үй секторындағы аналар бала қауіпсіздігіне алаңдаулы. Сапасыз сырғанақ пен өте жақын орнатылған жаттығу құралдары олардың өміріне қауіп төндіруі мүмкін деп есептейді. Тұрғындар көптен күткен алаңқай балалардың сұранысына сай болса екен деп тілейді.
"Тамыз айында басталған. Содан бері әлі салынып жатыр. Әлі де бітпей жатыр. Біраз уақыттан бері күтіп жүрміз. Соның өзінде көңілімізден шықпау жүр. Себебі балалар құлап, қолдарын жарақаттап алып жатыр. Менің балам 6 жаста, екіншісі 4 жаста. Осы алаңда ойнайды. Сондықтан менің де жаным ашып тұр, - дейді қала тұрғыны Әсел Кемаладинова.
Биыл қаладағы тұрғын үй секторларында спорттық алаңдар мен ойын алаңқайлары жаппай жаңғыртылып жатыр. Халық үніне құлақ асатын үкімет тұжымдамасы бойынша бюджет те нақтыланған. Бұл мақсатта Әл -Фараби ауданына 1 млрд 700 млн теңге бөлінген. Тапсырыс берушілер Күншығыстағы құрылыс мерзімі кестеге сәйкес жүріп жатқанын, анықталған кемшіліктер дереу жөнделетінін мәлімдеді.
"Әр апта сайын аралап, жұмыс барысымен танысып қадағалап тұрамыз. Бұны ретке келтіргенге дейін мердігер мекемеге айтып, ескерту хаттар беріледі, реттеледі. Сапасыз орнататын болса, кешіктіретін болса, сот тәртібімен жосықсыздардың тізіміне енгізіледі", - деді әл-Фараби аудандық әкімдігінің бөлім басшысы Дархан Шынтасов.
Жоспар бойынша ойын алаңының құрылысы желтоқсанда толық аяқталуға тиіс. Ал оны техникалық қадағалаушылар мен үй басқарушы және әкімдік өкілдері арасында құрылған арнайы комиссия өкілдері қабылдайды. Оның сапасына тендер талаптары бойынша 2 жыл кепілдік мерзімі қарастырылған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2197805-shymkenttegi-oiyn-alangdarynyng-sapasy-nashar-bolyp-shyqty-video/