Зектілері

Биыл БҚО-да 38 медициналық нысанның құрылысы қолға алынды

Жарияланған күні:

БҚО әкімдігі
Фото: БҚО әкімдігі

Биыл Батыс Қазақстан облысында "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы аясында 38 нысанның құрылысы қолға алынды. Қазірдің өзінде соның тоғызы қолданысқа берілген. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.

Биыл аймақта салаға 96,7 млрд теңге бөлінген. Оның 84 млрд теңгеге жуығы әлеуметтік-медициналық сақтандыру қоры арқылы болса, қалғаны облыстық денсаулық сақтау басқармасына тиесілі.

"Биыл 3,1 млрд теңгеге 409 медициналық жабдық жеткізу жоспарланған. Аудандардағы медициналық ұйымдарға 49 жаңа көлік сатып алынды. Ал былтыр техникалық база 81 темір тұлпармен толықтырылған еді. 13 ғимарат күрделі жөндеуден өткізіліп, құрал-жабдықтар жаңартылды. Жаңа кейіпке енген нысандардың алтауы Бөкей Ордасы ауданында, бесеуі Жаңақала ауданында және екеуі облыс орталығында орналасқан", - делінген хабарламада.

БҚО әкімдігі
Фото: БҚО әкімдігі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасына сәйкес, өңірде "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы іске асырылып жатыр. Бағдарлама аясында 2024 жылы 40 медициналық нысан салу көзделген еді. Бүгінге дейін 38 ғимараттың құрылысы басталды.

"Қазіргі таңда 9 медициналық нысан халықтың игілігіне берілді. Жылдың соңына дейін тағы 15 ғимараттың құрылысын аяқтау міндеті тұр. Ал 2025 жылы тағы 14 ғимараттың іргетасы қаланады", - деп жазды басқарманың баспасөз қызметі.

БҚО әкімдігі
Фото: БҚО әкімдігі

Аймақтағы денсаулық сақтау саласында 1700-ден астам дәрігер мен 6700-ден астам орта қызметкер жұмыс істеп жатыр. Биыл еңбек ұжымдарына 135 маман келіп қосылды. Соның 72-сі ауылдық жерлерге жолданған.

Медициналық қызметкерлерді әлеуметтік қолдау шеңберінде жас мамандарға бірреттік төлемдер беріле бастады. Оралда жұмысқа орналасқан дәрігерлерге 1,5-2,5 млн теңге аралығында төленеді. Ал аудандарға барған кадрлар 2,5-8 млн теңге аралығында қаржылай көмек ала алады. Төлемнің нақты мөлшері елдімекендердің облыс орталығынан қашықтығына байланысты бекітілген.

БҚО әкімдігі
Фото: БҚО әкімдігі

Биыл 76 маманға бірреттік төлем тағайындалды. Сонымен қатар 25 маманға қызметтік баспана табыс етілген. Жауапты мамандардың айтуынша, өңірде медициналық қызмет сапасын арттыру және дәрігерлерді әлеуметтік қолдау шаралары кезең-кезеңімен жалғасады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2198103-biyl-bqo-da-38-meditsinalyq-nysannyng-qurylysy-qolga-alyndy/