Зектілері

Қазақстандық оқушылар қысқы каникулда неше күн демалады

Жарияланған күні:

Аққала жасаған бала. Көрнекі сурет
Аққала жасаған бала. Көрнекі сурет: pixabay.com

Оқу-ағарту министрлігі өкілдері қазақстандық оқушылар қысқы каникулда қанша күн демалатынын айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

"Екінші тоқсанның аяқталуына санаулы күндер қалды. Қысқы каникул 2024 жылғы 30 желтоқсан мен 2025 жылғы 8 қаңтарды қоса алғанда он күнге созылады", - делінген министрлік хабарламасында.

Министрлік мәліметінше, мектеп оқушыларының қысқы демалыстағы бос уақытын тиімді өткізу және жеке тұлғалық қасиеттерін дамыту мақсатында "Біртұтас тәрбие" бағдарламасы аясында іс-шаралар жоспары жасалды.

Ол бойынша мектептерде бірқатар білім беру, спорттық, мәдени және шығармашылық іс-шаралар өткізу жоспарланған:

  • "Оқуға құштар мектеп" жобасын іске асыру аясында "Қыста кітап оқимыз, жадымызға тоқимыз" мектепішілік іс-шарасы;
  • театр фестивальдері мен қойылымдары;
  • жаңа жылдық әшекейлер жасау бойынша шеберлік сабақтары;
  • қауіпсіздік сабақтары;
  • мұражайларға, ғылыми орталықтарға және тарихи ескерткіштерге танымдық экскурсиялар;
  • спорттық ойындар, коньки, шаңғы тебу;
  • қайырымдылық акциялары және басқа да шаралар.

"Ең бастысы – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы мақсатта ата-аналармен бірге жол-көлік жарақаттарының алдын алуға, мектептің ішкі тәртібін сақтауға, балалардың көшедегі қауіпсіздігіне, үйдегі өрт қауіпсіздігі және киберқауіпсіздікке ерекше назар аударылады", - делінген хабарламада.

Ведомство өкілдері бұл іс-шаралар білім беру ұйымдарына әдістемелік ұсыным ретінде жолданатынын мәлімдеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2198276-qazaqstandyq-oqushylar-qysqy-kanikulda-neshe-kun-demalady/