Зектілері

Жер кадастры мен жылжымайтын мүлікті тіркеу: Шымкентте ХҚКО қызметтерін ер адамдар жиі пайдаланады

Жарияланған күні:

egov.kz
eGov порталы. Көрнекі фото: NUR.KZ

"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының Шымкент қаласы бойынша филиалы Халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүгіну бойынша гендерлік статистиканы жариялады. Бұл туралы Otyrar.kz хабарлайды.

Жарияланған мәліметтерге сәйкес, Шымкент қаласындағы ХҚКО-ларға ер адамдар әйелдерге қарағанда жиі жүгінеді. Жыл басынан бері ХҚКО-ларда жалпы 752 мың мемлекеттік қызмет көрсетілген. Оның ішінде 207 мың қызметті әйелдер алған, бұл жалпы көрсеткіштің 27,5 пайызын құрайды. Ал қызмет алушылардың қалған 72,5 пайызы ер адамдардың үлесінде.

Ер адамдар жүгінетін негізгі қызмет түрлері:

  • Жылжымайтын мүлікті тіркеу – 49 288 өтініш.
  • Жер кадастры саласы бойынша қызметтер – 23 867 өтініш.
  • Құжаттандыру саласы бойынша қызметтер – 108 029 өтініш.

Бұл көрсеткіштер ер адамдардың жылжымайтын мүлік, жер кадастры және құжаттандыру салаларында белсенді екенін көрсетеді.

Дегенмен әйелдердің де белсенділігін жоққа шығаруға болмайды. Әйелдер жиі пайдаланатын қызметтердің бірі – электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) алу. Атап айтқанда, 2024 жылдың 11 айында ХҚКО-лар арқылы 49 220 электронды цифрлық қолтаңба берілген. Оның 25 635-ін немесе 52 пайызын әйелдер алған.

Сонымен қатар әйелдер әлеуметтік саладағы қызметтерге жиі жүгінеді.

  • Бір жарым жасқа дейінгі бала күтімі бойынша жәрдемақы: 10 мыңға жуық анаға тағайындалған;
  • Көпбалалы отбасыларға жәрдемақы: биыл Шымкент қаласы бойынша 53 мың отбасы алған;
  • "Алтын алқа" және "Күміс алқа" иегерлеріне төленетін жәрдемақы: 13 мыңнан астам анаға арнайы марапатқа байланысты жәрдемақы тағайындалған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2198885-zher-kadastry-men-zhylzhymaityn-mulikti-tirkeu-shymkentte-hqko-qyzmetterin-er-adamdar-zhii-paidalanady/