"Ақтөбе-Қандыағаш" автожолында төрт жолақты қозғалыс бағыты ашылды
Жарияланған күні:

"Ақтөбе-Қандыағаш" автожолының қайта жаңарту жұмыстары аяқталып, төрт жолақты қозғалыс бағыты ашылды. Бұл дәліз Қазақстанды Ресеймен байланыстырып, Астраханға қарай шығуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының Telegram-дағы арнасына сілтеме жасап.
"ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Ақтөбе облысында ұзындығы 96 шақырымды құрайтын республикалық маңызы бар "Ақтөбе-Қандыағаш" автомобиль жолын қайта жаңарту бойынша негізгі жұмыстар аяқталып, төрт жолақты қозғалыс ашылды.
Ақтөбе облысындағы автожолдың жалпы ұзындығы 1869 шақырым, оның 117 шақырымында соңғы жылдары қайта жаңарту жұмыстары және 280 шақырымында орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жөндеу жұмыстары барысында республикалық маңыздағы "Ақтөбе-Атырау-РФ шекарасы (Астраханға) автожолының учаскесі "Ақтөбе-Қандыағаш" көлік дәлізінің дамуына ерекше көңіл бөлінген.
"Бұл дәліз аймақ пен еліміз үшін маңызды стратегиялық бағыттардың бірі. Ол Қазақстанды Ресеймен байланыстырып, Астраханға қарай шығуға мүмкіндік береді.
Қайта жаңарту жұмыстары аясында жол қоршаулары бар төрт және екі жолақты қозғалыс ашылып, автомобиль өткізу қарқыны мен қауіпсіздік күшейді.
Қайта жаңарту аясында 691 мың тонна асфальтбетон қоспасы төселді. 10 көпір, 4 өтпежол, 3 жол айрығы мен теміржол арқылы 1 өтпежол салынды. 8 демалыс алаңы және 18 аялдама абаттандырылды, сондай-ақ 1795 жарық шамы орнатылды", - делінген хабарламада.
Жоба еліміздің Ресей, Қытай, Қырғызстан және Өзбекстан бағытында жолаушылар тасымалы мен транзиттік әлеуетін арттырып, ыңғайлы әрі қолайлы көлік қозғалысын қамтамасыз етпек.
2025 жылы "Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын" автожолын қайта жаңарту жұмыстары жоспарланып отыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2199663-aqtobe-qandyagash-avtozholynda-tort-zholaqty-qozgalys-bagyty-ashyldy/