Шымкенттіктер бірнеше айда 1000 түп ағаш отырғызды (видео)
Жарияланған күні:

Шымкенттіктер бірнеше айдың ішінде қалаға 1000 түп ағаш отырғызды. Олар еріктілер тобын құрып, мегаполис экологиясын жақсартуға үлес қосуы үшін қызмет етіп жүр. Бір топ дендросаябақ аумағында бес жүзден астам ағаш отырғызса, басқа еріктілер қаланың әр бөлігінде тағы 500 ағаш екті. Еріктілер арасында кәсіпкерлер, шенеуніктер және қарапайым қала тұрғындары бар, деп жазады Otyrar.kz.
Шымкент тұрғыны Али Водолацкий осыдан бірнеше уақыт бұрын әлеуметтік желілерде қысқы ағаш отырғызу туралы ұсыныс жариялады. Идеяны қолдайтындар бірден табылып, еріктілер белсенді түрде жинала бастапты. Экологияға бей-жай қарамайтын жандарды табу қиын болған жоқ дейді ұйымдастырушы. Осылайша кәсіпкерлер аллеясы ашылған. Жүзден астам мегаполис кәсіпкерлері бірігіп, өзара міндетін бөліп алып, жұмыс істеп жатыр.
"Біз жастар, белсенділер және экобелсенділер болып осы бастаманы қабылдадық. Мақсатымыз – осындай игі істі ары қарай жалғастыру, саябақтарды дамыту, қаланы көгалдандыру және шымкенттіктерді осы идея айналасында біріктіру. Мәселен, ағаш отырғызуға кәсіпкерлер балаларымен бірге келеді және осылайша өз отбасына және қаланың басқа тұрғындарына үлгі көрсеткісі келеді", - деді Шымкент қаласының тұрғыны Али Водолацкий.
Экологтар ағаштарды қыста да отырғызуға болатынын айтып жатыр. Қалалықтар суық кезең үшін қылқан жапырақты өсімдіктерді отырғызуды жөн көріпті. Бүгінгі таңда 1000-ға жуық көшет отырғызылса, оның 500-і дендрологиялық саябақ аумағында. Студент Руслан Гадельшин де қысқы демалысты тиімді өткізуге шешім қабылдағанын айтады.
"Мен де бұл жобаға қатысып, өз үлесімді қосқым келді. Менің ойымша, біздің қала тұрғындары ретіндегі міндетіміз — табиғатты аялау, оны қорғау. Мен үшін дендросаябақ — қаланың жүрегі, сондықтан біз оған қарауымыз керек деген ойдамын", - дейді Руслан Гадельшин.
Шымкенттік экологтардың өз жұмыс жоспары бар. Олар қалада жыл соңына дейін тағы 500 ағаш отырғызылатынын айтады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2200506-shymkenttikter-birneshe-aida-1000-tup-agash-otyrgyzdy-video/