Зектілері

Шымкентте көпқабатты 15 үйде электр желісі тозған

Жарияланған күні:

Шымкенттегі көпқабатты үй
Шымкенттегі көпқабатты үй. Фото: 24.kz

Шымкентте көпқабатты 15 үйде газ баллонын тұтынып отырғандарға электр энергиясын пайдалану ұсынылып отыр. Алайда бұл үйлерде электр желісі тозғандықтан, қуаты жетпейді. Қазіргі мәселе желілерді жаңғырту болып тұр. Ол үшін мемлекеттік бағдарламаның тиімді шарттары бар. Мамандар электр желісін толықтай жаңғыртуға қажетті қаржы тетіктерін қарастырып, "мүлік иелері бірлестігін" құруға кеңес береді, деп хабарлайды 24KZ.

Телеарна мәліметінше, жатақхана үлгісінде салынған көпқабатты үйде жүз отбасы тұрады. Тұрғындар ас-суды дайындау үшін электр пешті пайдаланып, энергияны артығымен тұтынады. Салдарынан жөндеу көрмеген ескі желіден жиі ақау шығып, жарық сөнеді. Тұрғындар газ баллонын пайдаланып жатады. Бұл көппәтерлі үйлер үшін өте қауіпті.

"Тұрғындардың 80 пайызы үйді жалдап тұрады. Енді көп көршінің үйіне кіре алмаймыз. Бірақ газ баллонмен отырғандар да бар деп естідім. Соның бәрін жойып, апаттық жағдайлардың алдын алу үшін тоқ пешке көшеміз деп жатырмыз. Бірақ көп жердің автоматтары шыдамайды", - деді қала тұрғыны Эльмира Кенжеәлиева.

Биыл газдандырылмаған көпқабатты үйдің электр желісі толық ауыстырылды. Тағы 15 үйдің тұрғындарына жарық жүйесін жаңғыртуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаның шарттары түсіндірілді. Пәтер иелерінің ортақ меншігін жөндеу үшін жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, ол көп жылға пайызсыз беріледі. Қала билігі электр жүйесіндегі мәселе шешімін тапқанда ғана газ баллонды заңсыз пайдаланушылар тыйылады дейді.

"Жатақханаларда жүз пәтер, одан да көп пәтер бар. Әр үй әртүрлі ғой. Сол пайдаланушы азаматтарға біз міндетті түрде осындай насихаттау жұмысын жүргіземіз.

Ертерек осы модернизациядан өткізіп, жарық жүйелерін жаңартып, қуатын көбейтсек, электр плиталарын пайдалана береді", - дейді қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы басшысының орынбасары Мәлік Әбдінұров.

Энергетика басқармасының өкілдері де қыста қалалықтардың электр қуатына деген сұранысы артатынын айтады. Сағатына 350 мегаваттан 420 мегаваттқа дейін көбейеді. Сондықтан биыл тозығы жеткен электр жүйелерінің 2 пайызы ауыстырылып, ұзындығы 106 шақырым болатын желілер жаңартылған.

"Қалада "Оңтүстік Жарық Транзит" ЖШС энергиямен қамтамасыз етумен айналысады. Олардың мәліметіне сәйкес 3 мыңға жуық электр желісі бар. Олардың осы жылғы есебімен 57,3 пайыз желі тозған. Инвестициялық бағдарламасы бекітілген. Олар бұл жылдың өзінде 2 пайызға тозу деңгейін төмендетті", - деді қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының бөлім басшысы Шохан Айдарбек.

Ал газ-техникалық инспекциясында жылыту маусымының соңына дейін үгіт-насихат жұмыстары күшейтілді. Сала мамандары өрт қауіпсіздігінің ережесін түсіндіріп, газдың таралуын алдын алу туралы жадынамалар таратып жүр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2201264-shymkentte-kopqabatty-15-uide-elektr-zhelisi-tozgan/