Зектілері

"Балалар үйінің алдынан құндақтаулы күйі табылған": Ақтөбеде жетім қалған балалар баспаналы болды

Жарияланған күні:

Мәртөк ауданында берілген баспаналар
Жаңа баспана. Фото: KAZ.NUR.KZ/ Ардақ Ерубаева

Ақтөбе облысында бір ауданда баспана кезегінде тұрған 300-ге жуық жетім баланың алды баспаналы болды. Олардың кейбірін оқуын бітіргеннен кейін қарапайым отбасылар қамқорлығына алған. Балалар үйінің тәрбиеленушілері жаңа шаңырағына қамқор болған ата-анасын ерте келді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі жазады.

Бүгін Ақтөбе облысы Мәртөк ауданында баспана кезегінде тұрған 56 отбасы жаңа үйге кірді. Жаңа жылды жаңа үйде қарсы аламыз деп қуанғандардың қатарында балалар үйінің тәрбиеленушілері, көпбалалы отбасылар бар. 

Бүгінгі қуаныштан екі езуі жиылмай жүргендердің бірі - Равиль. Ол - 33 жаста. Кішкентайынан балалар үйінде өскен. Баспаналы болғанына сене алмай жүр. 

"Үй алатынымды кеше ғана естідім. Қатты қуандық. Алғадағы балабақшадан бірге келе жатқан достарым да бүгін баспанаға қол жеткізді. 2 сыныптан бастап осы Жайсанда тұрамын. 9 сыныпты бітірген соң, колледжге түстім. Одан кейін ауылдағы ағалардың бірі үйіне шақырды. Қазір он жылдан асты, сол әулетпен бірге тұрамын. Үй кезегіне де осы кісі тұрғызды.  Мен училищені бітіріп, қайда барарымды білмей тұрған кезде "өз үйіңдей көр" деп үйіне ертіп апарды. Ол кезде балаларының бәрі оқуға кеткен. Анам, әкем үшеуміз ғана тұрдық. Қазір де үшеуміз тұрамыз. Маманың дайындаған "макаронына" дейін дәмді",- деді Равиль. 

Мәртөк ауданында берілген баспаналар
Жаңа пәтер кілтінің иесі. Фото: KAZ.NUR.KZ/ Ардақ Ерубаева

Равиль мұнай компаниясына тұрақты жұмысқа кірген. Қуанышын бөлісе келген ағасы, әкесіндей болған азаматқа әзілдеп, еркелеп жүр. 

"Баламмен Жайсандағы училищеде механик болып істеп жүргенде таныстым. Бұл училищені бітірген кезі, көріп жүрген бала ғой. "Біздің үйге барасың ба?" деп ертіп әкелдім. Болашағыңа керек болады деп баспана кезегіне тұрғыздық. Міне 15 жылдан кейін қол жетті. Үйленемін деп отырған. Жақсы болды. Өз шаңырағы болады. Равильді қосқанда 4 балам бар", - деді тұрғын Сансызбай Мырзағұлов. 

Равильдің көршісі де өзінің тағдырласы. Бір балабақшада, бір интернатта өскен досы. Бірақ ол жұмыста болғандықтан салтанатты шараға келе алмады. Жаңа үйдің кілтін алуға қамқорлығына алған анасы келді. 

Балжан Беккужина балалар жанынан алыстаған емес. Жайсан арнайы мектебінде тәрбиешінің көмекшісі, интернаттан кейін панасыз қалған балаларды үйіне кіргізген қамқоршы. Айтуынша, оның қамқорлығындағы бала туғанынан жетімдік көрген.

Мәртөк ауданында берілген баспаналар
Жаңа пәтер иесі. Фото: KAZ.NUR.KZ/ Ардақ Ерубаева

"Берік тоқсаныншы жылдарда туған. Елде қиын кез болды. Жетім қалған балалар көп болды. Жаңа туған баланы жаялыққа ораған күйі балалар үйінің алдына тастап кеткен. Жылап жатқан құндақтаулы баланы балалар үйінің қызметкерлері тауып алған. Әке де жоқ, шеше де жоқ. Құжаты сол балалар үйінде жасалады. Тегі, әкесінің аты деген жерге адамдардың атын жаза салған. Туғаннан қолы қисық біткен. Үшінші топ мүгедектігі бар. Бірақ бала қайратты, ақылды, мейірімді, мінезі керемет. Тәртіпті, айтқаныңды тыңдайды.  

Мәртөк ауданында берілген баспаналар
Үй іші. Фото: KAZ.NUR.KZ/ Ардақ Ерубаева

Берік соңғы 13 жылда біздің үйде тұрады. Баламыздай болып кетті. 1996 жылы туылған менің де балам болды. "Ешкімі жоқ біздің үйде тұра тұрсыншы"  деп сол ұлым ертіп келді. Кейін Ақтөбедегі колледжге ертіп апарып оқуға түсірдім. 2010 жылы баспана кезегіне тұрғыздық. Бір реті келер деп күттік. Қазір вахталық жұмыста жүр. Вахтадан соң үйге келеді. Балам сияқты, күнде хабарласып отырамыз.  Өз ұлымның қайтыс болғанына 7 жыл болды. Енді осы баланы үйлендіріп, аяқтандырып жібергім келеді", - деді Жайсаң ауылының тұрғыны Балжан Беккужина.

Мәртөк ауданында берілген баспаналар
Жаңа үйлер. Фото: KAZ.NUR.KZ/ Ардақ Ерубаева

Мәртөк ауданында соңғы жылдары баспана кезегінде тұрғындар үй ала алмаған. 2019 жылы 8 үй, 2020 жылы 20 үй тапсырылған. Кейбір әлеуметтік үйлер "сақалды" құрылысқа айналғаны қашан. Сол үйлердің бәрі биыл аяқталып, толық пайдалануға беріледі. 

Ақтөбе облысы әкімі
Асхат Шахаров. Фото: KAZ.NUR.KZ/ Ардақ Ерубаева

Төрт пәтерлі үйлердің құрылысы жазда басталған. Бір үйдің құны 14 млн 600 мың теңге. Үй іші жылы, кең әрі жарық. Тамақ пісіретін газы да бар.

"Ауданда 671 отбасы баспана кезегінде тұр. Оның ішінде 287 жетім бала, 117 көпбалалы отбасы бар. Қалғаны осал топ және мемлекеттік қызметкерлер. Биыл 150 пәтерді кілтін беру жоспарланды. Оның 8-і жыл басында сатып алу рәсімімен көпбалалы отбасыларға табысталды. Бүгін 56 пәтерді, келесі аптада 86 пәтер толық тапсырылады. Жайсаңдағы балалар үйінің тәрбиеленушілерінің бәрі бізде баспана кезегінде тұр. Баспана кезегі рет-ретімен шешілелі",- деді Мәртөк ауданының әкімі Медет Ысқақов.Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров та бүгін Мәртөк ауданына жұмыс сапарымен барды.

Сапар аясында Байторысай ауылындағы жаңа медициналық пунктімен, Мәртөк аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының жаңа ғимаратымен, Сарыжар ауылдық полиция тірек пунктімен танысып, үй кезегімен баспаналы болғандардың пәтерлеріне барды.

Авторы: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2203178-balalar-uiining-aldynan-qundaqtauly-kuii-tabylgan-aqtobede-zhetim-qalgan-balalar-baspanaly-boldy/