Зектілері

"Үлкені пеш жақпақ болған": облыс әкімі Жітіқарада бес баланың өмірін жалмаған өрт неден шыққанын айтты

Жарияланған күні:

Өрт сөндірушілер
Өрт сөндірушілер. Көрнекі фото: NUR.KZ

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Астанада жыл қорытындысына арналған брифингте екі ай бұрын Жітіқарада бес баланың өмірін жалмаған өрт неден шыққанын түсіндірді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

"Балалар түнде үйде ешкімнің қарауынсыз жалғыз қалған. Тірі қалған үлкені таңғы сағат төрттер шамасында оянып, пеш жақпақ болғанға ұқсайды. Отынмен бірге басқа бірдеңе салып жіберген болуы керек – өзі бөтелке салып жібергенін айтады. Дәл сол зат жарылған. Ол көшеге жүгіріп шыққан. Басқа адамдар келем дегенше, осындай қайғылы оқиға болды", - дейді өңір басшысы.

Шенеуніктің айтуынша, ол бірден Жітіқараға барып, қаза болған балалардың анасымен, әжесімен сөйлескен.

"Екі күн ішінде біз оларға барынша көмек көрсеттік. Екі тәуліктен кейін пәтер алып бердік. Біз дәмеушілермен сөйлесіп, олар екі бөлмелі пәтерді жиһазымен, тұрмыс техникасымен бірге алып берді. Қазір сонда тұрып жатыр. Психологиялық көмек көрсетілді.

Осындай жағдай қайталанбас үшін жылу маусымы қарсаңында төтенше жағдайлар қызметкерлері көпбалалы аналар, жағдайы нашар отбасылар тұратын үйлерді аралайды. Олардың бәрі есепке алынған. Мұржа, пеш жағдайын тексеріп, иіс тиіп қалудан сақтайтын арнайы құрылғы орнату керек екенін айтамыз. Жітіқарадағы әлгі үйде де осындай құрылғы орнатылған, бірақ бір себептермен қосылмаған", - дейді Ақсақалов.

Соған байланысты Қостанай әкімі тұрғындарға бірнеше кеңес берді.

"Ескерту құрылғысын үнемі тексеріп тұру керек. Қымбат та емес, есесіне қауіпсіз өмір сүресің", - дейді өңір басшысы.

Естеріңізге сала кетейік, биыл 11 қазанда Жітіқарада жекеменшік үй өртеніп, соның салдарынан 2016, 2018, 2019, 2022, 2023 жылдары туған бес бала мерт болды. Үйдің 2011 жылы туған ең үлкен ұлы аман қалды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2203833-ulkeni-pesh-zhaqpaq-bolgan-oblys-akimi-zhitiqarada-bes-balanyng-omirin-zhalmagan-ort-neden-shyqqanyn-aitty/