Ақтауда ұшақ апатынан зардап шеккен 9 ресейлік Мәскеуге эвакуацияланды
Жарияланған күні:
25 желтоқсанда Ақтауға Ресейден ұшақ апатынан зардап шеккендерге көмектесу үшін медицина қызметкерлер мінген борт ұшып келген болатын. Бүгін олар түрлі деңгейдегі жарақат алған 9 отандасымен бірге елдеріне қайтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Ресей Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасаған Риа Новости мәліметінше, Қазақстанда ұшақ апатынан зардап шеккен ресейліктер бар арнайы рейс Ақтаудан Мәскеуге ұшты.
Эвакуацияланған 9 зардап шеккендердің арасында бір бала бар.
"Қазақстаннан Мәскеуге эвакуацияланып жатқан апатқа ұшыраған ұшақ жолаушыларының жағдайы ауыр, бірақ тасымалдауға жарамды, оларға ұшақ бортында барлық қажетті медициналық көмек көрсетіледі", - деп хабарлады Ресей ТЖМ "Центроспас" жасағының анестезиолог-реаниматологы Виктор Белинский.
Маңғыстау облысы әкімдігінің мәліметінше, Ресейлік делегацияны Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов бастаған Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, ел ақсақалдары мен жастар ақ тілектерін айтып, шығарып салды.
Айта кетейік, жарақат алғандардың барлығына Ақтаудағы ауруханаларда қажетті медициналық көмек көрсетілуде.
Сондай-ақ Ақтауда вице-премьер Қанат Бозымбаев бастаған үкіметтік комиссия жұмыс істеп жатыр.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына мемлекет тарапынан тиісті қолдау көрсетілетіндігін айтты.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2205248-aqtauda-ushaq-apatynan-zardap-shekken-9-reseilik-azamat-maskeuge-ketti/