Ақтау маңында құлаған ұшақты басқарған ұшқыштар туралы не белгілі (фото)
Жарияланған күні:
Бір күн бұрын Маңғыстау облысында апатқа ұшыраған жолаушылар ұшағын Игорь Кшнякин мен Александр Калянинов басқарған. Ұшқыштар туралы мәліметтер әлем баспасөзінде жарияланып жатыр.
РИА Новости дерегінше, ұшақ капитаны Игорь Кшнякин тәжірибелі маман еді. Ол 15 мың сағатын әуде өткізіп, соның шамамен 11,2 мың сағатын капитан қызметінде ұшақ басқарған.
RT мәліметінше, Кшнякиннің Ресей азаматы екенін марқұмның әйелі растады.
Media.az басылымының жазуынша, екінші ұшқыш Александр Калянинов – Баку еуропалық лицейін тәмәмдаған, білім мекемесінің ең үздік түлектерінің бірі болған. Ол бала кезден ұшқыш болуды армандаған.
"Қайғылы оқиға біздің ғана емес, бүкіл елдің қабырғасын қайыстырды. Александр арманына жетіп, ұшқыш атанды, осы салада көп жетістікке жетті. Өкінішке қарай, ол арамыздан ерте кетті, бірақ қызметін адал атқара жүріп ондаған адамның өмірін сақтап қалды", - дейді білім мекемесіндегі ұстаздар.
Ұшқыштардың ерлігін апатқа ұшыраған ұшақ ішінде болған жолаушылар да айтып жатыр. Куәгерлердің бірі Субхонқұлдың айтуынша, жолаушылардың бір бөлігі ұшқыштар ерлігінің арқасында тірі қалды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2205251-aqtau-mangynda-qulagan-ushqyshtar-turaly-ne-belgili-foto/