Маңғыстаулықтар зардап шеккен Әзербайжан азаматтарын үйлеріне шығарып салды (фото)
Жарияланған күні:
Маңғыстаулықтар ұшақ апатынан зардап шеккен Әзербайжан азаматтарын үйлеріне шығарып салды. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімдігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Ұшақ апатынан зардап шеккен 14 Әзербайжан азаматы мен кеше Ақтауға келген Әзербайжан делегациясының 20 мүшесі еліне оралды. Олардың арасында екі бортсерік пен бір бала бар. Олар ауруханада қажетті ем алып, жағдайы тұрақтанған соң Бакуге аттанды.
Зардап шеккендерді шығарып салуға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Тілеген Әбішев, Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, ақсақалдар, жастар, қоғам өкілдері қатысты.
Маңғыстаулықтар бауырлас еліне жылы лебіздерін білдіріп, қолдау көрсетті.
Қазір Маңғыстау облыстық көпсалалы ауруханасында 6 зардап шегуші ем қабылдап жатыр. Оның ішінде 4 адамның жағдайы ауыр, 2 адамның жағдайы орташа ауыр. Зардап шеккендерге барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуде.
Айта кетейік, Ақтаудағы ұшақ апатының себебін анықтау мақсатында Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың жетекшілігімен үкіметтік комиссия жұмыс істеп жатыр. Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай зардап шеккендерге мемлекет тарапынан барлық қажетті қолдау көрсетіліп жатқанын атап өтті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2205684-manggystaulyqtar-zardap-shekken-azerbaizhan-azamattaryn-uilerine-shygaryp-saldy-foto/