Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Апаттан кейінгі алғашқы минуттар: ТЖМ Embraer жолаушыларын құтқару сәтін көрсетті

Жарияланған күні:

Ақтаудағы ұшақ апаты
Ақтаудағы ұшақ апаты. Фото: ТЖМ

Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі 25 желтоқсанда Ақтау маңындағы ұшақ апатынан кейін бірден түсірілген кадрларды көрсетті. Видеода құтқарушылардың жұмысы көрсетілген, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Біз үшін әрбір өмір маңызды!" - деген тақырыппен Төтенше жағдайлар министрлігінің Telegram-дағы ресми арнасында видео пайда болды.

Кадрларда құтқарушылардың ұшақтың жанып кеткен бөлігінің үйінділерін қалай тазартып жатқаны, аман қалған жолаушыларды құтқару үшін ұшақтың артқы бөлігінің ішіне қалай кіріп жатқаны көрсетілген.

Естеріңізге сала кетейік, 25 желтоқсанда Бакуден Грозныйға ұшқан ұшақ Ақтау маңында апатқа ұшыраған болатын. Ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған. Оның ішінде 42 Әзербайжан, 15 Ресей, 6 Қазақстан және 3 Қырғызстан азаматы болған.

ІІМ қайғылы оқиға бойынша тергеуді бастады. Ақтау қаласының маңында АZAL әуе компаниясы ұшағының апатқа ұшырау фактісі бойынша Ішкі істер министрлігі Қылмыстық кодексінің 344-бабының 3-бөлігі, яғни екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан әуе көлігінің қозғалысы немесе пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын бұзу бойынша қылмыстық іс қозғады. Ұшақ апатының себептерін анықтау үшін үкіметтік комиссия құрылды.

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Ақтау маңындағы ұшақ апатын тексеру үшін Қазақстанға үкімет өкілдерін жіберді.

26 желтоқсанда Әзербайжанда ұшақ апатына байланысты аза тұту күні деп жарияланды.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан басшысына көңіл айтты. Сондай-ақ борттағы жолаушылардың толық тізімі жарияланды.

Кейін Ақтауда апатқа ұшыраған ұшақта болған қазақстандықтардың барлығы қаза тапқаны белгілі болып, олардың тізімі жарияланды.

Алдын ала мәлімет бойынша, ұшақ апатынан 38 адам қаза тапқан.

Сонымен қатар тасымалдаушы компания қаза тапқандардың отбасына қандай өтемақы берілетінін мәлім етті.

Бұл ретте вице-министрі Қанат Бозымбаев тергеу аяқталмайынша, қандай да бір ақпаратты растай да, жоққа да шығара алмайтынын айтты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2206059-apattan-keiingi-algashqy-minuttar-tzhm-embraer-zholaushylaryn-qutqaru-satin-korsetti/