Top.Mail.Ru

Зектілері

"Аралда тұратындаймыз": Қостанай облысында тұрғындар көктемде тағы су тасқыны бола ма деп алаңдап отыр

Жарияланған күні:

Ауыл
Фото: KAZ.NUR.KZ / Гүлнұр Мұратова

Қостанай облысы тұрғындары көктемді үреймен күтіп отыр. Әзірге қар аз түсті. Алайда Қазгидромет биыл да былтырғыдай жойқын тасқын болуы мүмкін деген болжам жасады. 2024 жылғы қызыл судан зардап шеккен ауылдардағы инфрақұрылым әлі толық қалпына келтірілген жоқ, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Өзен-көлдер мен айдындар, сай-сала суға толы. Жаз жаңбырлы болып тартылып та, құрғап та үлгермеді. Топырақтың да ылғалдылығы жоғары, көктемгі еріген қардың суын сіңіре алмай ма деген қауіп бар. Мамандар су бассейнедерін 50-70 пайызға босату жұмыстарымен айналысып жатыр. Бірақ табиғат құбылысына шек жоқ. Осыған байланысты Қостанай облысы тұрғындарына көктем жайлы өтер дегенге үміттенгеннен басқа амал қалмады. 

Былтырғы тасқынның кесірінен жолдардағы өткелдер мен көпірлер бұзылып, электр желілерінің бағандары құлап, жоғары вольтты сымдар үзілген болатын. Амангелді ауданының Қоғалыкөл және Әбусыздық ауылдары төрт айға жуық электр жарығынсыз отырды. Біздің тілшілер тұрғындар мәселесін қозғағаннан кейін қос ауылға жарық берілген еді.

Алайда, тұрғындардың айтуынша, электр желілері сапасыз тартылған болуы мүмкін. Боран сайын, екпінді желге желге шыдамай үзіліп жатыр. Жаңажылдық мерекеде 3 күн жарықсыз отырған. 

Ауыл
Фото: KAZ.NUR.KZ / Гүлнұр Мұратова

Қостанай облысында болған былтырғы тасқын 28 жол асты су ағарын бұзып кетті. Соның салдарынан әлі күнге дейін жол азабын тартып отырған ауылдар бар. Мысалы, Қарасу ауданы облыс орталығына қатынайтын жолдың 6 шақырымы әлі суда тұр. Енді Қостанайға 80 шақырым айналма жолмен жүруге мәжбүр. Сондай-ақ Қарасу ауданының Герцен, Құндызды ауылдарының тұрғындары аралдай қалғандай күн кешкен. Герценге көпірді жөндеп берсе, ал Құндызды ауылы назардан тыс қалды. Оның себебі де бар.

Тобыл өңірінде тұрғындары саны 50-ден азайып, жабылып жатқан ауылдардың бірі – Құндызды. Бұл 10 елді-мекен былтыр Новоселов ауылына қосылған. Картадан жойылған ауылда 10 шақты үй түтін түтетіп отыр. Тасқын кезінде мұнда жол қатынасы толайым үзіледі. 

Ауыл
Фото: KAZ.NUR.KZ / Гүлнұр Мұратова

"Көктемде су аулаларға дейін кіреді. Керек-жарақтың бәрін алып, 2-3 апта аралда тұрып жатқандай отырамыз. Бізге тек тікұшақпен ғана келе алады", - дейді Новоселов аулының тұрғыны Жұмабек Бердалиев. 

Мұнда көлік қатынайтын көпір мен жаяу жүргіншілердің аспалы көпірін тұрғындар өз күшімен жөндеп алды. Әкімдік бұл көпірді өз балансына да ала алмай отыр.

"Барлық құрылымдармен сөйлесіп көрдік, ешкімнің баласында жоқ. Өйткені, өзенде орналасқандықтан рұқсат етпейді. Сондықтан бәрін өз күшімізбен істейміз. Қостанай облысында мұндай көпірді жасайтын ешқандай ұйым да жоқ", - дейді Ильичев селолық округінің әкімі Ербол Қалиев.

Ауыл
Фото: KAZ.NUR.KZ / Гүлнұр Мұратова

Беймбет Майлин ауданындағы Козыревка ауылының 70-ке жуық тұрғыны да жол азабын тартып отыр. Азық-түлік пен дәрі-дәрмек, тіпті мектеп пен бала-бақша үшін көрші ауылға баруға мәжбүр. Ал екі елдімекеннің арасын жалғайтын өткел апатты жағдайда. Мұны билік өкілдері жөндемек түгілі, "ақша бөлуге құқымыз жоқ" деп мәселені шешуге атсалыса алмай отыр. Бөгет әкімдіктің балансында жоқ. Тіпті ешбір мекеменің атына жазылмаған, яғни иесіз. 

"Мұнда өткел емес, көпір қажет. Ал, көпір салудың құны шамамен 1-2 млрд теңге. Новоильинск ауылдық округінің барлық тұрғындар санын қосқанның өзінде бізге мұншама қаржы бөле қоймас. Бұл мәселемен ешкім айналысқысы да келмейді. Өйткені, аудандық әкімдіктің балансында болмаған соң қаржы бөле алмайды", - дейді Новоильинск ауылдық округінің әкімі Азамат Қалапқасов.

Ауыл
Фото: KAZ.NUR.KZ / Гүлнұр Мұратова

Жалпы, облыс бойынша биыл жол бойындағы 120 су өткізгіш құбырлар жөнделіп, ауыстырылған. Алдағы уақытта 495 су ағарды жаңарту мақсаты тұр.

Автор: Гүлнұр Мұратова

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2207930-aralda-turatyndaimyz-qostanai-oblysynda-turgyndar-koktemde-tagy-su-tasqyny-bola-ma-dep-alangdap-otyr-foto/