"Жаңа жылды бірге қарсы алу үшін шақырған": алматылық фельдшерлер ерекше қоңыраулар туралы айтты
Жарияланған күні:
Алматыда жаңажылдық мерекелер кезінде жедел жәрдем қызметі күшейтілген тәртіпте жұмыс істеді. Отшашудан зардап шеккендер, ерекше қоңыраулар туралы жедел медициналық қызмет мамандары KAZ.NUR.KZ тілшісіне айтып берді.
Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте Алматы жедел медициналық қызметі директорының орынбасары Андрей Ложкин мереке күндері 23 мыңға жуық қоңырау келіп түскенін мәлімдеді.
Қоңыраулардың 10-12 пайызы пиротехника қолдану және қысқы спорт түрлері кезінде алынған жарақаттарға байланысты болды.
Отшашудан 19 адам зардап шекті, оның жартысына жуығы – балалар. Өткен жылы мұндай жағдайлар саны 13 болған еді.
"Жедел жәрдемнің тарихында бірінші рет, 31 желтоқсанда шақырту саны 500-ден аспады, сірә, мерекеге дайындаламыз деп науқастарымыз өздерінің созылмалы аурулары туралы ұмытып кеткен ұқсайды", - деді Ложкин.
Жаңажылдық мерекелерде ерекше қоңыраулар да тіркелді. Жедел медициналық жәрдем қызметінің диспетчері Динара Абдулаеваның айтуынша, кейбір қоңыраулар емханаға баруға болатын жағдайларға байланысты болған: гайморит, ЖРВИ, тіс ауруы, іштің ауыруы.
Сонымен қатар жалғызбасты әжелер жедел жәрдемді тек Жаңа жылды бірге қарсы алу үшін шақырған жағдайлары да кездескен.
Жедел жәрдем фельдшері Виорел Садықов та алған әсерін бөлісіп, Жаңа жылды жолда қарсы алғанын айтты.
"Мен жаңа жылды жолда тойладым, дәлірек айтсақ, Жаңа жыл түні 15 минуттан кейін пиротехникалық заттардан жарақат алғаны туралы қоңырау болды. Станцияға тек түнгі үштерге қарай келдік. Барлық бригада толық жүктемемен жұмыс істеді, сондықтан ешқандай мерекелік үстел жайылған жоқ", - деді фельдшер.
Алматыдағы 102 пультіне жаңажылдық құттықтаулар жазылған 10-ға жуық хабарлама келіп түскенін еске саламыз. Бұл туралы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек хабарлады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2208728-zhanga-zhyldy-birge-qarsy-alu-ushin-shaqyrgan-almatylyq-feldsherlerge-erekshe-shaqyrtular-turaly-aitty/