Top.Mail.Ru

Зектілері

Арал қаласындағы "Жайлы мектеп" пайдалануға берілді

Жарияланған күні:

"Жайлы мектеп" жобасы аясында салынған мектеп
Арал қаласында салынған жаңа мектеп. Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Бүгін Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Арал қаласында "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында салынған 300 орындық білім ошағының ашылу рәсімі өтті.

Оған парламент сенатының депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мәжіліс депутаттары Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, Мұрат Әбенов қатысты. Аймақ басшысы жиналған жұртшылықты құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.

Жаңа мектептің ашылу салтанаты
Ашылу салтанаты. Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

"Мемлекет басшысының бастамасымен "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы еліміздің барлық аймағында жүзеге асырылуда. Қазан айында 900 оқушыға арналған алғашқы мектеп облыс орталығында ашылды. Күні кеше Жаңақорған ауданының "Жаңарық" ауылында 300 орындық "Жайлы мектеп" пайдалануға беріліп, бейімделген ғимаратта орналасқан білім ошағының мәселесі шешімін тапты. Бүгін, міне Арал қаласында республикалық бюджеттің тікелей қаржыландыруымен, "Самұрық-Қазына" акционерлік қоғамының үйлестіруімен жүзеге асқан, құны 2 млрд 608 млн теңге болатын 300 орындық "Жайлы мектеп" ел игілігіне табысталуда.

Қызылорда облысы әкімі
Нұрлыбек Нәлібаев жаңа мектепте. Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Біз бұл арқылы үш ауысымды оқытуға көшу қаупі бар №62 және №220 мектептердегі орын тапшылығы мәселесін шештік. Енді осы шағын аудан балаларына басқа мектепке қатынаудың қажеті жоқ. Алдағы уақытта тағы 2, жыл көлемінде 5 "Жайлы мектепті" аяқтап, пайдалануға береміз. Бұның барлығы жас ұрпақтың игілігі үшін жасалуда. Шәкірттердің сапалы білім мен саналы тәрбие алуына жағдай жасау біздің басты мақсатымыз болып қала бермек", - деді Н.Нәлібаев.

Қызылорда облысы әкімі
Нұрлыбек Нәлібаев жаңа мектепте. Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Салтанатты іс-шарада Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов жиылған жұртшылықты құттықтады.

Сондай-ақ, ауданның өркендеуіне еңбегі сіңген ардагерлер мен құрылыс мекемесінің мамандары марапатталды.

Айта кетейік, өткен жылы білім саласына бөлінген қаржы 264 млрд теңгеге жетіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 9,3 пайызға артты. Жаңа 6 мектеп, 5 мектептің жанынан қосымша ғимарат ел игілігіне табысталды. Арал ауданы Тоқабай ауылындағы №248, Шиелі кентіндегі №252 және Жансейіт ауылындағы №133 апатты мектептердің мәселесі шешілді.

Арал қаласындағы жаңа мектеп
Спортзал. Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

"ҚазГермұнай" компаниясының демеушілігімен Қызылорда қаласындағы 350 орындық "Оқушылар сарайы", Жаңақорған ауданындағы 200 орындық "Оқушылар үйі" мен 50 орындық "Өнер мектебі" ел игілігіне табысталды.

Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын шыңдау мақсатында облыс орталығынан "Шығармашылық академиясы", "Саутс Ойл" компаниясының демеушілігімен музыкалық колледждің жаңа ғимараты салынуда. Шиелі ауданындада 200 орындық «Оқушылар үйі» мен 50 орындық "Өнер мектебін" пайдалануға беру жоспарлануда.

Алдыңғы жылы облыс орталығындағы 4 мектепке 1 850 орынға арналған қосымша ғимараттар салынды. Осылайша бюджетке салмақ түсірмей, қаржыны үнемдеп, үш ауысымды оқытуға көшуі мүмкін мектептер мәселесі шешілді. Оған қоса 8 мектеп ғимараты күрделі жөнделді. Мемлекет басшысының 1 300 мектепті күрделі жөндеу тапсырмасына сәйкес алдағы үш жылға 51 мектеп жоспарланған.

Еске салайық, Аралдағы "Жайлы мектептің" құрылысын "Бақ-Береке-2030" серіктестігі жүргізген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2209079-aral-qalasyndagy-zhaily-mektep-paidalanuga-berildi/