Top.Mail.Ru

Зектілері

Шырша безендіремін деп биіктен құлаған: педагогтің жұбайы оның қазіргі жағдайы туралы айтты

Жарияланған күні:

Семейде зардап шеккен мұғалімнің әйелі Сымбат Аянқызы
Семейде зардап шеккен мұғалімнің әйелі Сымбат Аянқызы. Фото: KAZ.NUR.KZ

8 қаңтарда оқу-ағарту министрі Ғани Бейсенбаев шыршадан құлап, ауыр жарақат алған семейлік мұғалім Қуат Айтқалиев ауруханадан шыққанын мәлімдеген болатын. "Қазақстан" ұлттық телеарнасындағы "1001 түн" студиясында жары Сымбат Аянқызы науқастың жағдайы туралы айтып берді.

Жұбайы Сымбаттың айтуынша, 2 айдан соң Қуат Айтқалиевке ота жасалады.

"Қалпына келуге уақыт көп керек. Жағдайы орташа, сөйлей алады. Дегенмен өздігінен жүріп-тұруы қиын болғандықтан, жанына күтім жасайтын бір адам міндетті түрде отыруы қажет.

Екі айдан кейін нейрохирургтерден кеңес алады, оған дейін бақылауда болады. Әзірге болжам ғана, нақты ештеңе айтылып жатқан жоқ", - дейді педагогтің жары.

Сымбат Аянқызы жауаптылардың мәселесі сотпен шешілетінін айтты.

Айта кетейік, кеше, 8 қаңтарда үкіметте өткен брифингте Оқу-ағарту министрлігінің басшысы Семейде орталық алаңда шырша безендіру кезінде құлап кеткен мұғалім ауруханадан шыққанын мәлімдеді. Сондай-ақ брифингте премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова жарақат алған мұғалімге өтемақы төлеуге қатысты пікір білдірген болатын.

Бұған дейін Семейде шырша безендіруде зардап шеккен мұғалім Қуат Айтқалиевтің әйелі Сымбат Аянқызы күйеуі зардап шеккен оқиға туралы айтып берген еді.

Еске салайық, Семей қаласындағы басты жаңажылдық шыршаны безендіру кезінде мектеп мұғалімі Қуат Айтқалиев зардап шеккені белгілі болған. Осы оқиғаға байланысты оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев өз наразылығын білдірген еді. Ол "Педагог мәртебесі туралы" заңға сәйкес мұғалімдерді кәсіби қызметіне қатысы жоқ жұмыстарға тартуға тыйым салынғанын ерекше атап өткен. Министр облыс басшылығының әділ тергеу жүргізіп, тиісті шараларды қабылдайтынына үміт артатынын мәлімдеді.

Кейін Абай облысының білім басқармасы қызметтік тексеру жүргізіп, кінәлілерді жауапқа тартуға уәде берді.

Абай облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айжан Құрманова KAZ.NUR.KZ тілшісіне тексеру нәтижелері туралы хабарлады. Бұған дейін Семейдегі бұл оқиға туралы бұрынғы білім министрі, қазіргі мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов те пікір білдірген еді. Аймағамбетов мұндай жағдайды жай ғана "жаңсақтық" деп қарастыруға болмайтынын айтып, "Педагог мәртебесі туралы" заңның 6-бабында нақты көрсетілгендей: мұғалімдерді кәсіби міндеттеріне жатпайтын жұмыстарға тартуға қатаң тыйым салынатын еске салды.

Кейінірек мектеп директоры тәртіптік жауапкершілікке тартылып, Семей қаласы білім бөлімінің басшысы Біржан Булабаев атқарып отырған қызметінен босатылғаны белгілі болды.

Сондай-ақ осы оқиғадан кейін қала әкімінің орынбасары жауапқа тартылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2209740-shyrsha-bezendiremin-dep-biikten-qulagan-mugalim-auruhanadan-shyqty-pedagogting-zhubaiy-onyng-qazirgi-zhagdaiy-turaly-aitty/