Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шымкентте жарты жыл бұрын пайдалануға берілген үйдің сапасы сын көтермей тұр

Жарияланған күні:

Шымкенттегі көпқабатты үй
Шымкенттегі көпқабатты үй. Видеодан кадр: youtube.com/ OTYRAR

Шымкентте мүгедектер мен көпбалалыларға берілген баспаналардың сапасы сын көтермейді. Пәтерлер жарты жыл бұрын ғана пайданалуға ұсынылғанымен, бүгінде шатырдан су кетіп, жертөлесі құрғамай жатқан көрінеді. Тіпті электр жарығы жиі өшіп, жарымжан жандар жиі жеделсатысыз қалады екен, деп хабарлайды Otyrar.kz.

Жақында ғана пайдалануға тапсырылған баспаналардың жертөлесі судан құрғамайтын көрінеді. Ал жаңбыр жауса, шатырдан су ағады, дейді тұрғындар. Тіпті электр жарығы күн ара сөнетіндіктен, тоғыз қабатты үйде тұратын жарымжан жандар жиі жеделсатысыз қалады екен.

"Қай мердігер салғанын білмейміз. Қирап жатыр, скотч жапсырып қойдық. Терезеден жел соғады. Бөлмелерде де сондай. Жылуы мынау, залдың шаршы метріне мүлдем сәйкес келмейді. Біреуін ғана қойған, мүлдем жылымайды", - дейді қала тұрғыны Айсұлу Қараханова.

Тұрғындар үй құрылысына ең арзан материалдарды қолданған деп ашынып отыр. Сол себептен бүгінде баспаналардағы линолеумдер көгеріп, ғимараттың қабырғалары да сыр бере бастаған. Қыстыгүні бұл пәтерлер тіпті жылымайтын да көрінеді. Себебі тұрғындардың айтуынша, мердігерлер 54 пәтерлі баспанаға жер үйге арналған шағын сорғы орната салған.

"Сорғыны бір-бірден істетсек, оның күші жетпейді, қуаты жетпейді. Қуаты жетпеген соң үй суық. Халық шулап жатыр, түк нәтиже жоқ. Екеуін бірдей қоссақ, екеуі де күйіп кетеді. Бұған мықты сорғы керек", - дейді Шымкент қаласының тұрғыны Қайрат Шуанов.

Тұрғындар үй мәселесін айтып, әкімдікке шағымды қарша боратқанымен, құрылыс басқармасындағылар бұл мәселені бүгінге дейін білмегенін айтып, ақталды. Бірақ бүгіннен бастап жалпы үймен қоса, әр пәтердің мәселесін жіті қарап шығамыз деп отыр.

"Терезеден су өту, тұрғын үйдің жертөлесінен су өту мәселелері кепілдік мерзімде қаралады. Біз мердігер мекемеге ақау актісін түзіп, ресми ескерту беріп, барлығын реттеп береміз. Енді бүгін ақау актісін түзіп анықталған кемшіліктерге қарай 5 күн, бір аптадай объективті мерзім беріледі", - деді Шымкент құрылыс басқармасы тұрғын үй бөлімінің басшысы Мақсат Мейманалиев.

Шенеуніктердің сөзіне сенсек, үйдің кем-кетігі санаулы күнде қалпына келеді. Алайда уәдеге сенбейміз деген жұрт мердігерге қатысты мәселені айтып, қала басшысы мен прокуратураға тағы шағымданамыз деп отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2209901-muldem-zhylymaidy-shymkentte-zharty-zhyl-buryn-paidalanuga-berilgen-ui-turgyndary-zhanaiqaiyn-aitty/