Шымкентте оқушыларға 500 кітап сыйға тартқан кәсіпкерге сыныптың аты берілді (видео)
Жарияланған күні:
Шымкенттегі "Әл-Фараби" мектебі Абай оқуларына демеушілік жасап, оқушылар мен ұстаздарға "Абайдың қара сөздерінің" 500 данасын сыйлаған кәсіпкерге құрмет көрсетіп, арнаулы сыныпқа атын берді. Атымтай жомарт атанған азамат кәсіп бағытын білім саласына бұрып, саналы буынның сапалы алуына күш жұмсап жүр, деп хабарлайды Ontustiktv.kz.
Есбол Әуесбекұлы - "Құрмет" ордені мен "Ел ардақтысы" медалінің иегері, Арыс және Отырар ауданының құрметті азаматы. Ал ақын Абай Қалшабектің айтуынша, кәсіпкерлердің білім саласына ден қойып, инвестиция жасауы "Жаңа Қазақстанның" болашағын жарқын етеді.
"Әдетте кәсіпкерлер халықтан оқшауланып, бөлек жүреді ғой. Ал бұл кісі өте қарапайым. Елді ел қылатын құндылық – білім. Кәсіпкерлердің білім саласына бет бұрып жатқанына қуанамын", - деді ол.
Бес бірдей мамандықты игеріп, жан-жақты біліммен қаруланған Есбол Әуесбекұлы ізінен ерген жас өренге ілім-ғылымды насихаттап келеді. Ол осы уақытқа дейін бірқатар балабақша мен мектеп ашып, 700-ден аса азаматты жұмыспен қамтыған.
Есбол Әуесбекұлы – Түркістан облыстық баскетбол федерациясының президенті. Іскер азамат спорт саласына да еселі үлес қосып, мардымды нәтиже көрсетіп келеді. Қыздар құрамасы үш жыл қатарынан ел кубогын еншілеп, облыс атағын аспандатып жүр.
"Білім саласында, денсаулық сақтау саласында еліміз ақсап тұрғанын көзіміз көрді. Сосын кәсіпкерлер ақылдаса келе, осы бағытты таңдадық. "Әл-Фараби" мектебі мен "Финбринж" мектебін аштық", - дейді Есбол Қамбаров.
Іс-шарада кәсіпкер атына берілген кабинеттің салтанатты лентасы қиылып, зиялы қауым өкілдері сөз сөйледі. Есбол Әуесбекұлының тұлғасы таныстырылып, атқарған жұмысы жайында да ақпарат берілді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2210043-shymkentte-oqushylar-men-ustazdarga-500-kitap-syiga-tartqan-kasipkerge-synyptyng-aty-berildi-video/