"Ақшасы бар адамдар ғана алады": Түркістан облысында ұзақ жыл пәтер кезегінде тұрғандар наразылық білдірді
Жарияланған күні:
Түркістан облысында ұзақ жыл пәтер кезегінде тұрғанда тізімге кейін ілінгендер баспаналы болып жатыр деп шағымданды. Алайда Кентау қаласының әкімдігі бұл мүмкін емес екенін айтады. Өйткені қаладағы пәтер кезегі толық автоматтандырылған. Сондықтан халықтың даурығуына негіз жоқ деп отыр. Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды.
Телеарна мәліметінше, Кентау қаласында жылдар бойы баспана кезегіне тұрып пәтер ала алмай жүргендер кезекті рет қала әкімдігіне келді. Олар уақыт өткен сайын, алға жылжудың орнына тізімде артқа кетіп жатырмыз дейді. Себебі ақша бермесең, баспаналы болу қиын дейді тұрғындар.
"Кезекке қойып бермейді, үйіңе кіргізеді, болды ғой. Пара боп тұр ғой, ашық әңгіме болып тұр. Ақша берем, үйіме кірем, алдыңдағы, артымдағы адамды танымаймын да. Ақшасы бар адамдар ғана алып тұр", - дейді Үрдана Байдарова.
Пәтер кезегі кері жылжып жатыр дегендердің бірқатарына өткен айдың басында, әкімдік, "көп ұзамай баспаналы боласыз" деп, сүйінші сұрапты. Бірақ, көп ұзамай, сол тұрғындарға кейінге қалдыңыздар деген хабарлама келген. Осыдан кейін тізімге тосыннан кіргендер бар деген күдік күшейген.
"Бізді "үй аласыздар, құжаттарыңызды өткізіңіздер" деп шақырды. Өткіздік. Бір аптадан кейін, көрейік, үй алып қалған шығармыз деп келсек, ана жақтан үш қабаттан, ілікпей қалдыңыздар, бұл жолы, келесі жолы аласыздар деді. Не себеп екенін білмеймін", - дейді Айгүл Шүленбаева.
Әкімдік алдына жиналған жұртты шенеуніктер ішке кіргізіп сөйлесті. Тіпті баспана кезегін реттеуші комиссия алдында кезекте тұрғандардың бірі қызықты хабарлама оқып берді. Жауаптылардың айтуынша, Кентауда баспана кезегінде алты санат бойынша 5 мыңнан астам адам тұр екен. Әкімдік өкілдерінің сөзінше, даудың шығуына былтыр 60 пәтер үлестірілген кезде жалғыз баспанасы апатты деп танылған 17 отбасына пәтер кезексіз берілгені себеп болған. Әйтпесе, кезекті жылжытуға біздің құзіретіміз жетпейді деп отыр.
"Бізде кезек реттілігі 100 пайыз автоматтандырылған. Негізгі базасы министрлікте орналастырылған. Сондықтан көп азаматта сұрақ туындайтын мәселе — кезекті жылжыту болмаса, басқа да сұрақтар көтеріледі ғой. Ол қазір мүмкін емес. Себебі бәрі автоматты түрде", - дейді Кентау қаласы әкімінің орынбасары Ғалымжан Төлепов.
Былтыр желтоқсанда ғана берілген 60 пәтерге әзірге ешкім кіріп үлгермепті. Ал биыл баспана салынар-салынбасы белгісіз. Сондай-ақ шенеуніктер енді ақша беріп, кезекті жылжыттық немесе баспаналы болдық дегендерді іздеп, құзырлы орындармен тексерту жүргіземіз деп отыр.
Дереккөз: КТК арнасы
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2210138-aqshasy-bar-adamdar-gana-alady-turkistan-oblysynda-uzaq-zhyl-pater-kezeginde-turgandar-narazylyq-bildirdi/