"Шектен шығып кетті": Сәтбаев көшелерін қара күйе басты (видео)
Жарияланған күні:
Сәтбаев тұрғындары желіде қала экологиясына қауіп төніп тұрғанын айтып, дабыл қақты. Олар қаладағы жылыту қазандығынан шыққан түтіннен қардың шектен тыс қара түске боялғанын видеоға түсіріп желіде жариялады. Бұған қатысты Ұлытау облысы әкімдігі өкілдері пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Жергілікті тұрғындардың бірі желіде мұз бетіне түскен қара күйені алақанына жағып көрсетті.
"Мынаны қара, аспан қара түнек, мынау масқара ғой, шектен шығып кетті", - дейді желі қолданушысы күйе жағылған алақанын көрсетіп.
Ұлытау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі өкілдері Сәтбаев қаласындағы жағдайды түсіндірді. Олардың сөзінше, Сәтбаев қаласындағы қазандық жылу энергиясын өндіру үшін Молодежный кенішінен алынатын төмен бағадағы көмірді пайдаланады, бұл тарифтің өсуін тежеу үшін барған қадам, алайда ол экологиялық жағдайға және жабдықтың тиімділігіне кері әсер етеді.
"1962 жылы пайдалануға берілген негізгі жабдықтар жыл сайынғы жөндеу жұмыстарына қарамастан айтарлықтай тозған, ал газ тазалау жүйелері мүлдем ескірген және қазіргі заманғы экологиялық стандарттарға сәйкес келмейді, бұл қомақты инвестицияны қажет етеді.
2024 жылы үздіксіз жылу беру үшін ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілді. Өткен жылы жөндеу жұмыстарының жалпы құны 1,6 млрд теңге болды.
Қазіргі уақытта Жылу энергетикалық кәсіпорны экологиялық көрсеткіштерді жақсартуға бағытталған ең тиімді қолжетімді технологияларды енгізу бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Ең маңызды жоба - газ тазалау жүйесін орнату", - делінген әкімдік хабарламасында.
Сондай-ақ облыс әкімдігі бүгінде Сәтбаев қаласын газдандыру жобасы әзірленіп жатқанын мәлім етті. Бұл қазандықтағы жүктемені азайтуға, сондай-ақ атмосфераға бөлінетін қалдықтарды азайтуға мүмкіндік береді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2210361-shekten-shygyp-ketti-satpaev-koshelerin-qara-kuie-basty-video/