Абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлы дүниеден озды
Жарияланған күні:
![Мекемтас Мырзахметұлы Мекемтас Мырзахметұлы](https://cdn.nur.kz/images/1200x675/d03cf2ef08461ecd.jpeg)
Бүгін өмірінің 95 жасында Абайтанушы, ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлы қайтыс болды.
Тиісті ақпарат Facebook-тегі Түлкібас аудан әкімдігінің ресми парақшасында жарияланды.
"Жерлесіміз Абайтанушы, ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлы атамыз 95 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Барша ағайын-туыс, жақындарына қайғыларына ортақтаса отырып, көңіл білдеріміз! Отанымыздың көрнекті перзенті Мекемтас атамыздың жарқын бейнесі әр түлкібастықтың жүрегінде мәнгі қала бермек!", - делінген хабарламада.
Мекемтас Мырзахметұлы 1930 жылы 9 мамырда Түркістан облысы Түлкібас ауданында туған. Отбасының кенжесі.
Ашаршылық заманымен тұспа-тұс келген балалық шағында аман қалуы сол заманның келбетін, қазақтың тағдырын көрсетеді. 8 жасында мектепке барды, кейін балалар үйі мен мектеп-интернатта тәрбиеленді. 1948 жылы қазіргі Тұрар Рысқұлов ауылындағы Абай атындағы қазақ орта мектебін бітірді.
1953 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының филология факультетін, 1964 жылы аспирантурасын бітірген. Әкесінің досы Бауыржан Момышұлының жанашырлығымен көптен бері қолы жетпей жүрген аспирантураға түскен. 31 жасында оқуға қабылданып, үш жыл Момышұлының үйінде жатып оқыған. Үйіндегі ұстазы – Бауыржан Момышұлы, оқу орнында Абайтануға жетелеген ұстазы – Қажым Жұмалиев.
- 1953-1961 жылдары Низами атындағы Ташкент педагогикалық институтында кафедра меңгерушісі, декан, проректоры болды.
- 1975-1991 жылдары Қазақстан ғылым академиясы Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер, абайтану бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды.
- 1991-2000 жылдары Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің кафедра меңгерушісі, Ясауи ғылыми лабораториясының меңгерушісі, әдебиет және этнофилология ғылыми-зерттеу орталығының директоры болды.
- 2002-2003 жылы Түркітану ғылыми-зерттеу институтының директоры болды.
Мекемтас Мырзахметұлы 1989 жылы филология ғылымдарының докторы, 1995 жылы профессор құрметті атағы берілді.
1996 жылы ғылым саласындағы ерен еңбектері үшін Қазақстанның мемлекеттік сыйлығын алды. 2001 жылы "Құрмет" орденімен марапатталды. 2003 жылы "Түркі әлеміне сіңірген еңбекгі үшін" халықаралық сыйлығының лауреаты атанды. Бауыржан Момышұлының атындағы "Құрмет белгісі", "Парасат" ордені берілді. 2019 жылы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев І дәрежелі "Барыс" орденін табыстады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2210600-abaitanushy-mekemtas-myrzahmetuly-dunieden-ozdy/